Астанада салық қызметкері пара алғаны үшін сотталды

943
Adyrna.kz Telegram
Сурет: AFP / ATTA KENARE
Сурет: AFP / ATTA KENARE

Астана қаласында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қалалық соттың шешімі бойынша, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы бөлімінің басшысы Р. Төлегенов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды.

Сот анықтағандай, Төлегенов жеке компания директорынан қосымша құн салығының (ҚҚС) артық төленген сомасын қайтару үшін 3,6 миллион теңге көлемінде пара алған. Бұл сома қайтарылуға тиісті 36 миллион теңгенің 10 пайызын құраған. Тергеу барысында антикор қызметкерлері оның үйін тінту кезінде 129 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақшаны тәркілеген.

Төлегеновтің адвокаттары сотқа шағым түсіріп, жазаны жеңілдетіп, айыппұлмен алмастыруды сұраған. Алайда апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот қызметкердің жасаған әрекеті салық органдарының беделіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметке деген сенімді әлсіреткенін атап өтті.

Бұл іс мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қатаң ұстанымын тағы да көрсетті және мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

Пікірлер