Кеше, 5 қарашада АҚШ халқы өзінің 47 президентін сайлады. Әзірге сайлау нәтижесі түпкілікті анықталмағанымен, қазіргі сәтте Дональд Трамптың жинаған дауысы көбірек. Ол 52 пайыздан астам дауысқа ие болса, бәсекелесі Камала Харристің жинаған даусы 46 пайыздан асады. Дауыстар әлі саналып біткен жоқ.
Республикашыл партиядан сайлауға түскен Трамптың президенті қызметін атқарғаны белгілі. Демократтар кандидаты Камала Харрис – қазіргі вице-президент. Трамп 2017-2021 жылдары АҚШ-тың 45 президенті болған.
Сайлау науқаны кезінде Харрис те, Трамп та жеңіске жететініне сенімділіктерін білдірген. Олар өздерінің сайлау науқанының дүйсенбі күнгі кешке дейін созылған соңғы митингтерінде де жеңіс туралы айтумен болған.
«ЖАҚЫН АРАДА ТАМАША НӘТИЖЕ БОЛАДЫ»
Сайлау науқанында Трамп Мичиган штатының Гранд-Рапидс қаласында жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 2-де соңғы сөзін сөйлеген. ВВС арнасының хабарлауынша, науқан барысында ол бүкіл уақытын экономика мәселелеріне, миграцияға және Камала Харриске сын айтуға арнаған.
«Менің ойымша, жақын арада тамаша нәтиже болады. Сіздердің дауыстарыңыз Камаланы қызметтен босатып, Американы құтқаруға көмектеседі. Біз салықтар мен инфляцияны төмендетеміз, бағаны түсіреміз, жалақыны көтереміз, Америка мен Мичиганға мыңдаған зауыттарды қайтарамыз және мұның көп бөлігі тарифтер арқылы жүзеге асырылады. Бұл – менің сүйікті сөзім», - деген Трамп.
Трамп Америка өнеркәсібін қолдау үшін Қытайдан және басқа елдерден АҚШ-қа өнім әкелу тарифтерін көтеру туралы уәдесін меңзеп отыр.
ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ ПРЕЗИДЕНТ
Журналистердің айтуынша, Трамптың ең негізгі аргументтерінің бірі – оның бірінші президенттік мерзімінің алғашқы жылдарындағы АҚШ-тың тұрақты экономикалық жағдайы. Ол кезде ковид пандемиясы мен Украинадағы соғысқа қатысты қиындықтар әлі басталмаған еді. Сонда Трамп сайлаушыларды АҚШ экономикасын 2019 жылға дейінгі тыныш кезеңдерге қайтара алатынына сендіруге тырысқан.
Сайлау алдында әлемдегі ең танымал подкасттардың бірінің жүргізушісі Джо Роганның қолдауы Трамп үшін жақсы жаңалық болды. Роган Трамптың ең белгілі жақтастарының бірі, миллиардер Илон Маскпен сұхбаттасқаннан кейін ол да сайлаушыларды Трампқа дауыс беруге шақырды.
Роганның айтуынша, Масктың Трампты қолдайтын аргументтері оны сендірген.
«Онымен барлық мәселеде келісемін. Бұл менің Трампқа дауыс беруге шақыратынымды білдіреді», - деген Роган.
ХАНЫМДАР ХАРРИС ЖАҒЫНДА
Харристің жақтастары дауыс беруге бірнеше күн қалғанда олардың кандидаты өз позициясын нығайта түскенін, әсіресе әйелдерді қолдауды күшейткенін айтады.
Бұл сайлауда кандидаттар арасындағы гендерлік айырмашылық маңызды рөл атқаруы мүмкін деген болжам бар. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда ерлер көбіне – Трампты, ал әйелдер Харристі қолдайды. Бұл көбінесе республикашыл кандидаттың түсік жасату мәселесіне қатысты ұстанымына байланысты. Ол әйелдердің жүктілікті тоқтату құқығын конституциядан алып тастауға ықпал еткен.
Өткен аптада Айова штатындағы сайлаушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері үлкен резонанс тудырды. Себебі бұл аймақ осы уақытқа дейін сенімді республикашыл аймақ ретінде саналып келген еді.
«МЕН ЖАСТАРМЕН МАҚТАНАМЫН»
Des Moines Register газетінің тапсырысы бойынша беделді компания сайлау алдында жүргізген сауалнама дауыс беруге ниеттілер арасында Харристің Трамптан озып тұрғанын көрсетті. Сайлаушылардың 47 пайызы Харристі қолдауға дайын екендерін білдірсе, республикашыл кандидатқа 44 пайыз электорат қолдау танытқан.
Трамп бұл нәтижелерге сенуге болмайтынын мәлімдеді. Ал Харристің жақтастары демократ әйелдің позициясы әйелдер дауысының арқасында күшейіп жатқанын сенімді түрде айтып отыр.
Харрис соңғы сөзін шешуші штат – Пенсильванияның ең ірі қаласы Филадельфияда айтты.
Ол өзінің сайлау алды науқаны елдің әр түкпірінен әртүрлі адамдарды біріктіргенін алға тартты.
«Біз ештеңеге қарсы емеспіз, керісінше, бір нәрсе үшін күресіп жатырмыз. Бүгін бастаған жолды біз энергиямен, оптимизм және қуанышпен аяқтаймыз», - деді Харрис өз жақтастарына.
Ол үшін ең маңыздысы – жас сайлаушылардың қолдауы. Харрис өз сөзінде жастарға «Мен сіздердің күш-қуаттарыңызды көремін және сіздермен мақтанамын»,- деп үндеу жасады.
ЕКІ ТҮРЛІ ӘЛЕМНІҢ БӘСЕКЕСІ
«АҚШ-ты аралап, сайлаушылармен әңгімелескеннен кейін, маңызды қорытындыға келдім. Америка әдеттен тыс бөлініп қана қоймай, бір аумақта екі түрлі ел қатар өмір сүруге тырысып жатқандай әсер қалдырады», - дейді BBC-дің Солтүстік Америкадағы редакторы Сара Смит.
Демократтар қалалар мен оның айналасында тұрса, республикашылар негізінен ауылдық жерлерде тұрады.
Сонымен қатар, америкалықтардың саяси көзқарастары ортақ жерлерге көшуге бейімділігі артып келеді. Сайлау науқанында белгілі бір аймақтардың кімге жанашыр болғанын анықтау қиын емес болатын. Себебі, үйлердің жанында Трампты немесе Харристі қолдайтын плакаттарды жиі көруге болатын еді.
Бірақ мұндай екі түрлі әлемде шексіз өмір сүру мүмкін емес. Пікірталас қатты болса да, біреу жеңуі керек.
Сайлау нәтижелерін естігенде, көптеген америкалықтар үреймен ондаған миллион отандастарының әлемді мүлде басқаша көретінін түсінеді.