Ұлытау облысында 11 әкімге қатысты іс қозғалды

974
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Ұлытау облысында бірден 11 әкімге қатысты іс қозғалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

ҚазТАГ мәліметінше бұл ақпаратты өңірлік қадағалау органының баспасөз қызметі хабарлады.

"Ұлытау облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманы қолдануды талдап шықты. Нәтижесінде, 66 I және II санаттағы операторлардың өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері туралы есептерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тапсырмауының 125 фактісі анықталды (Экологиялық кодекстің 184-бабының талаптарын бұзу). Олардың арасында жер қойнауын пайдаланушылар, коммуналдық кәсіпорындар, ауылдық округ әкімдіктеріне тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және басқалары бар. Бұл өз кезегінде, уәкілетті органға өңірдегі экологиялық жағдайды объективті түрде бағалауға мүмкіндік бермеді. Осы фактілер бойынша прокуратура Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты ауылдық округтердің 11 әкіміне қатысты 20 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады", – делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.

Қылмыстық істер ҚР ӘҚБтК-нің 327-1-бабы (Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген міндетті мәліметтерді ұсыну талаптарын бұзу) бойынша қозғалды.

"Қазіргі уақытта прокуратураның қадағалау актісі бойынша экология департаменті қалған табиғат пайдаланушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауда", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Конституциялық "Прокуратура туралы" заң талаптарын бұзғаны үшін Ұлытау облысы экология департаментінің, ветеринария, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары ҚР ӘҚБтК-нің 664-бабы (соттың жеке қаулысын, прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының ұйғарымын орындау бойынша шаралар қабылдамау), 665-бабы (прокурорға, тергеушіге және анықтау органына, сот орындаушысына келмеу) және 666-бабы (прокурорды хабардар етпеу немесе уақытылы хабарламау) бойынша жауапкершілікке тартылды.

"Бүгінгі күні айыпты тұлғалар салынған жалпы сомасы 4,6 млн теңге айыппұлды толық көлемде төледі", – деп толықтырды прокуратура.

Еске сала кетсек, Ұлытау облысының бірінші әкімі Берік Әбдіғалиев таяуда қызметінен босаған болатын.

Пікірлер