"Ішімдіксіз мекен" ұсынысы. Маңғыстауда тағы бір ауыл алкогольден бас тартуы мүмкін

1360
Adyrna.kz Telegram
фото: AlmaLife
фото: AlmaLife

Маңғыстау облысында тағы бір ауылдың алкогольден бас тартуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Lada.kz дерегінше, Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтізаров Таушық ауылының тұрғындарына алкогольден бас тартуды ұсынған.

Аталмыш ауылда 3 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда 1 амбулатория, 2 жеке медициналық орталық, 3 балабақша және 1 мектеп жұмыс істейді екен. Әкімнің үндеуінде:

«Құрметті ардагерлер! Ішкі мәдениетті дамыту және көршілес аудандарда өткізілген жақсы үрдіске сүйене отырып, Таушық ауылын "алкогольсіз ауыл" ретінде көпке үлгі етуді және алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жұмысын жүргізуді ұсынамын», – делінген.

Әкімнің "алкогольсіз ауыл" ұсынысына қарсылық білдіргендер болмаған көрінеді.

Айта кетейік, Маңғыстауда былтыр өзге бір ауыл толығымен алкогольден бас тартқан. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында тұрғындар мен кәсіпкерлер өзара келісіп, ішімдік сатудан бас тартты. Бұл шешімнің негізгі мақсаты — қылмыстарды азайту және ауылды үлгілі елді мекенге айналдыру. Ауыл тұрғындарына ішімдікті сатпау туралы меморандумға аудан әкімдігі мен полиция қол қойып, ауылдағы барлық дүкендерде алкоголь сатылымы тоқтатылды.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік ауылында да 20 жылдан бері алкоголь сатылмайды. Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтерген, ал бүгінде жергілікті тұрғындар арасында ішімдікке сұраныс жоқ. Ауылда қылмыс деңгейі де өте төмен, ал тұрғындар бос уақытында отбасылық шаруалармен айналысып, дене шынықтырумен шұғылданатыны туралы жарияланған болатын.

Пікірлер