Еліміздің бас мерекесі – Республика күніне орай «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі жас отбасылар арасында «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» қалалық ұлттық-этнографиялық сайысын ұйымдастырды. Аталған іс-шара Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» КММ-нің қолдауымен өтті.
«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы бұл іс-шараның басты мақсаты – қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын заманға сай жаңғырту екенін айтады. Сондай-ақ ол отбасы институтының мәртебесін көтеріп, дәстүрлі отбaсылық құндылықтaрды жастар арасында дәріптеу маңызды екенін ескертті.
«Биыл бұл іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Елімізде отбасылардың арасында «Мерейлі отбасы» деген секілді неше түрлі байқаулар бар. Бірақ дәл жас отбасылардың арасында, оның үстіне этнографиялық бақытта ұйымдастырылатын байқау жоқтың қасы. Мүмкін басқа облыстарда өтіп жатқан шығар, бірақ Астанада мұндай іс-шара өткізілмеген болатын.
Өкінішке қарай қазір жас отбасылар арасында ажырасу белең алып бара жатыр. Бұдан бөлек бізде ұрпақ тәрбиесіне байланысты қаншама мәселе бар. Осыған байланысты татуласу орталығы ашылып, мәселемен күресіп жатырмыз. Бірақ біз проблемамен күресетін емес, оның алдын алатын іс-шаралар ұйымдастырмаймыз. Отбасындағы зорлық-зомбылықпен күреспес бұрын жас жанұялардың арасындағы жарасымдылықты нығайтуға назар аудару керек. Біз ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы құндылықтарының маңызын арттыруға мән берген жөн.
Мысалы қазір сайысқа қатысқан жас отбасылар мәз болып, риза болып жатыр. Нақтырақ айтсам сайысқа қатысушылар «Биыл дайындығымыз әлсіз болып қалды. Келер жылы ұйымдастырылса, тыңғылықты дайындаламын. Қамшыны қалай өретінін өзім үйреніп аламын» деп намысқа тырсып жатыр. Біз байқаудың болатынын алдын ала бір ай бұрын жариялаймыз. Олар бір ай бойы ізденіп, әртүрлі кітаптарды оқиды. Мәселен жас келіншектер қарын бүрме мен өрметөс секілді ұлттық тағамдарды күнделікті дайындап жүрмегеннен кейін оның қалай дайындалатынын жан-жағынан сұрастырып, әзірлейді. Осы арқылы жас отбасылардың рухани білімі толысып, оны балаларына үйрететін болады. Бұл дегеніміз ұрпақтар сабақтасығының берік болуына әсер етеді», – дейді ол.
Отасбылық сайысқа жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, ҚР Президенттік орталығы Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, актриса Айнұр Жүгінісова, Астана қалалық Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының ұстазы, айтыскер ақын Азамат Малжанбай және «ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Шәкен қазылық етті. Үш кезеңнен тұрған сайысқа 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім түсіп, байқау шартына сәйкес 8 отбасы іріктеліп алынды.
Тартысты өткен байқауда бас жүлде Мекебай отбасына бұйырса, бірінші орынды Мұқажановтар отбасы, екінші орынды Сембековтер отбасы және үшінші орынды Сауханов пен Хызайхан отбасы иеленді. Ал арнайы номинация бойынша «Өнегелі отбасы» - Қалитовтар отбасы, «Дәстүрге берік отбасы» - Пірімқұловтар отбасы және «Көрермен көзайымы» - Мұқановтар отбасына табысталды.