Республика күні. Егемендік декларациясы және екіұдайылық

1862
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Бүгін — қайта жаңғырған Республика күні. Биыл елімізде үшінші рет тойланады. 2022 жылы мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Бір кезде ұмыт қалған Республика күні қалай қайта жаңғырды?  

Республика күні 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаннан бастау алады. 1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Кейін 2022 жылы Ұлттық құрылтай жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекені қайта атап өтуді ұсынды.

“ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ РЕТІНДЕ САНАУ КЕРЕК”

Парламент мәжілісінің қазіргі депутаты Ермұрат Бәпи декларация қабылданған күнді қуанышпен еске алатынын айтады. Сондай-ақ, ол бүгінгі Республика күнін дүркіретіп өткізу керегін ұсынды.

 - 1990 жылы 25 қазан – менің есімде мәңгілік қалған мемлекеттік даталардың бірі. Сол кезден он бес күн бұрын мен Өскеменнен Алматыға «Социалистік Қазақстан» газетінің орталық редакциясына қызметке алмасып келдім. Республикалық деңгейде жұмыс істеудің алғашқы күндеріне көндіге алмай жүрген кезімде редакциядағы жігіттер “Жоғары кеңеске барайық, бүгін декларация қабылданатын күн” деп ұсыныс жасады. Соның алдында ғана бас редакторымыз Шерхан Мұртаза “Бүгін – егемендік декларациясы жарияланатын күн, кімнің мүмкіндігі бар, Жоғары кеңеске келіңдер” деп бір ескертіп кеткен. Ол кезде жоғары кеңестің ғимаратына кіру қиын емес, - деп еске алады депутат.

Айтуынша, Егемендік декларациясы оқылып болып, депутаттар дауыс бергеннен кейін, залдың ішін қуаныш кернеді. 

 - Оны ауызбен айтып жеткіу мүмкін емес. Бұл күн біздің үш жүз жыл Ресей империясының езгісінде болған, құлдық иелігінде болған еліміздің дербес егеменді ел болғанын жария еткен ұлық күн болды. Біз бұл күнді әрқашан құрметтеп, ұлық мерекеміз ретінде санауымыз керек. Еліміздің маңызды мерекесі деп санаймын, - дейді Ермұрат Бапи.  

Депутаттың айтуынша, “Егемендік декларациясын” жариялаған Республика күні әрқашан өзекті мемлекеттік мереке болып қалады. 

 - Біз неге 34 жыл ғана болған өз егемендігімізді ұлық мереке санамауымыз керек?! Еліміздің дамуы мен халқымыздың жасампаз болашағы осы дөкей датадан басталуы тиіс! Бұл - біздің елдігіміз бен мемлекеттігіміздің ең басты атрибуттарының бірі, - дейді өзі депутат, өзі журналист Ермұрат Бапи.

ЕГЕМЕНДІКТІҢ ТАРИХИ ЖӘНЕ САЯСИ ҚЫРЛАРЫ

Белгілі тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлының айтуынша, 1990 жылы Кеңес Одағы ыдыраудың алдында тұрған сәтте Михаил Горбачёв өзінің “Қайта құру” саясатын бастағаннан бері 15 одақтас республиканың басшылары өздерін еркін сезіне бастап, егемендік талап еткен. Сол сәтте алғаш болып, Балтық теңізінің жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдері өздерінің тәуелсіздігін жариялап, декларация қабылдап, бөлініп кетті. Одан кейінгі кезек Гүржістан мен тағы басөа бірқатар республикаларға келді. Ақырында 90-шы жылдың қазан айында Қазақстан да өз егемендігі туралы декларация қабылдаған,

 - Ең бастысы мынаны ұмытпауымыз керек. Ол кезде Қазақ КСР — Кеңес Одағының бұрынғы он бес одақтас республикасының бірі, Кеңес Одағының субъектісі ғана болды. Ал 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларация — аты бар да, заты жоқ құжат.  Өйткені, ҚазақКСР қағаз жүзінде қабылдағанымен, сол қағаз күйінде қалды. Қазақстан өзінің егемендігін қалпына келтіре алмады, - дейді тарихшы. 

Оның айтуынша, аталған декларацияның екі қыры бар. Біріншісі – саяси, екіншісі – тарихи қыры. Мәселен, егер сол декларация 1920 жылдың наурыз айында елдің республикасынан айырылған декларациясын қалпына келтіру болса, онда оның тарихи да, саяси да маңызы өте зор болар еді. Өйткені, Балтық теңізі жағалауындағы елдер декларацияны мынадай мәтінде болды: “1940 жылдары Кеңес Одағының басып алу салдарынан айырылған егмендігін қайта қалпына келтіру туралы декларация”. Сол декларацияны қабылдауының арқасында олар Кеңес Одағынан алғашқы болып бөлініп шықты.

 - Ал Қазақстан егемендігін алғаш рет тоқсаныншы жылдары жариялап отырған жоқ, содан тура 70 жыл бұрын 1920 жылдың  5 наурызында, ол кезде Алаш Республикасын Кеңес Одағы басып алып, Ресейдің екінші рет отарлап алуының салдарынан өзінің егемендігінен айырылды. Алаш Республикасы 1918 жылдың 6 қаңтарынан 1920 жылдың 5 наурызына дейін егеменді тәуелсіз ел ретінде жасады. Бірақ сол кездердегі кеңес үкіметінің әскери интервенциясы, жаулап алу соғысының салдарынан Алаш республикасының аумағында Кеңес үкіметі орнап, отаршылдық билігі басып, Алаш республикасы өз егемендігінен айырылды. Міне, сол егемендікті 1990 жылдың 25 қазанында қалпына келтірдік деген декларация қабылдаған уақытта,  кішкентай Балтық теңізі жағалауындағы үш республиканың үлгісімен жазғанда, онда бұл декларацияның тарихи да, саяси да маңызы өте зор болар еді, - дейді Сұлтанхан Аққұлұлы “Адырна” ұлттық порталына. 

БӨРКІМДІ АСПАНҒА ЛАҚТЫРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ”

Сұлтанхан Аққұлұлының пікіріне белгілі саясаткер Дос Көшім де қосылады. Қоғам қайраткерінің айтуынша, декларацияда ел үшін маңызы бар істер нақты жазылмаған. 

 - Бұл декларация — Тәуелсіздік туралы ешуақытта айтпаған адамдардың жасаған декларациясы. Мұны басқа елдің декларациясымен салыстырса, тәуелсіздіктің арасы жер мен көктей. Декларацияны Кеңес үкіметінен шыққысы келмеген адамдар әйтеуір халықты алдау үшін жасай салған. Себебі басқа республикаларда осындай декларация қабылдай бастады. Олар Кеңес үкіметінен шыққысы келді, ал біз шыққымыз келмеді. Бірақ біз де декларация қабылдаумыз керек болды. Ал соған біз қазір мәз болып отырмыз, - дейді ол.  

Оның пайымдауынша, Декларацияны жақсылап оқып, талдау жасаса, қуанып той жасайтындай декларация емес екеніне көз жеткізуге болады.  Онда бұрын бар нәрсені қайталап айта салған. Ол жерде “жеке мемлекет болып шығамыз, өзіміздің жеке әскеріміз болады” деген сөз жоқ. Қысқасы, декларацияда бұрынғы «қазақ мемлекетін қайтадан құрамыз, ел боламыз» деген идея қозғалмаған.

 - Сондықтан бұл декларацияға қуанып, бөркімді аспанға лақтырғым келмейді. Иә, мереке ретінде бір күнді белгілеу керек шығар. Мен үшін ол күн — Кенесары қаза тапқан күн. Қазақстанда елдің, халықтың, мемлекеттің болашағы үшін, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің күні болуы керек еді. Тәуелсіздік күні ретінде сол күн тойлану керек, - дейді Дос Көшім. 

“НАЗАРБАЕВҚА ӨЗ МАНСАБЫ МАҢЫЗДЫ БОЛДЫ”

Сұлтанхан Аққұлұлы Қазақстан билігінің тәуелсіздікті соңғы жариялауы да Кеңес Одағынан ажырамауға тырысуынан екенін айтады. 

 - Біз нағыз егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді арада бір жыл бір жарым ай өткен соң 1991 жылдың 16 желтоқсанында ғана жарияладық. Оның ішінде біз кешегі Кеңес Одағының құрамындағы он бес мемлекеттің ішінен ең соңғысы болып жарияладық. Өйткені, сол кездегі Назарбаев бастаған Қазақстан басшылығы қазақ халқының бір ғасырдай армандаған ұлттық тәуелсіздігін көздеген жоқ.  Кеңес Одағын ыдыраудан сақтап қалуға бар күшін жұмсап, Горбачёвтен асып қорғаған Назарбаев болды. Себебі, Назарбаевқа Горбачёв Кеңес одағының премьер-министрі боласың деп уәде берді. Сонда Назарбаев үшін қазақ халқының арманы емес, өз жеке мансабы маңызды болды, - дейді тарихшы. 

Оның айтуынша, Республика күні қайтадан атап өтілген соңғы жылдары да нағыз мемлекеттік мереке ретінде танылмай отыр. 

 - Тым болмағанда елордада мерекелік леп байқалмайды. Тек марапаттар мен қатардағы іс-шараларды көріп отырмыз, - дейді Сұлтанхан Аққұлұлы.

Совет одағы құрамындағы Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Онда «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы - егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады» деп атап көрсетілді.

Құжатта «Қазақ ССР-інің Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалатыны» айтылған. Декларация бойынша, Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi «Республика iшiнде, сондай-ақ Одақтық шартта белгiленген шеңберде» дербес, толық болуға тиіс еді. Дегенмен онда кейбір өкілеттіктің Мәскеудегі орталықпен ақылдасып шешілетіні де атап көрсетілген. «Қазақ ССР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi ССРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады және Қазақ ССР Жоғарғы Советi бекiтедi» делінген құжатта.

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер