«ҚЫЗЫЛ АЙ» ҚОҒАМЫ ҚЫСЫЛҒАНҒА КӨМЕК БЕРЕДІ

8033
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялағаны өте маңызды шешім болды. Бұл туралы Жамбыл облыстық «Қызыл Ай»  қоғамының директоры  Оразкүл Тастемірова мәлімдеді, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы.

Оразкүл Тойбекқызының айтуынша, қоғамдық ұйымның жұмысының жандануына еріктілер көп үлес қосады. Сондықтан да ол президенттің келер жылды еріктілер жылы деп жариялауы қоғамдық ұйымдардың бойына қан жүгіртеді деп есептейді.

– «Қазақта апат айтып келмейді» деген қанатты сөз бар. Расында елімізде әртүрлі оқыс оқиғалар болып, соның салдарынан қарапайым халық көмекке мұқтаж болып жатады. Мәселен, күні кеше Арыс қаласы бомбаның астында қалғанда еріктілер аяғынан тік тұрып, ел бірлігін паш етті. Әйтсе де, біздің елде еріктілерге әлі де болса тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Менің ойымша, президенттің еріктілерге байланысты шешімі біздің елде кенжелеп қалған саланың бойына қан жүгіртеді деп есептеймін. Шын мәнісінде біздің жұмысымыздың жандануы еріктілерге тікелей байланысты. Өкінішке қарай біздің қоғамдық ұйымға еріктілер көп келіп жатқан жоқ. Мектеп пен колледж және универсиеттер де жиын өткізіп, «төтенше жағдай болған кезде не істеу керек» деген тақырыпта  тренигтер өткіземіз. Сол жиындарда жастарды қоғамдық ұйымның жұмысына атсалысуға шақырып жатамыз. Олардың ішінде біздің ұсынысызды қабыл алатындар бар. Біраз аз, – дейді ол.

«Қызыл Ай» қоғамдық ұйымы от пен судың ортасында жүреді. Мәселен, Арыс қаласының халқы қиын жағдайға тап болған да, ең бірінші болып осы ұйым көмек қолын созған. Сондай-ақ, ол қоғамдық ұйымның балаларға айрықша қамқорлық жасайтынын айтады.

– Меркі ауданындағы «Жұлдыз» лагерінде Арыс қаласынан 50 бала келіп, демалып қайтты. «АрайСтройМаркет» ЖШС демеушілігінің арқасында Арыстық балаларға аяқ киім мен футболка секілді киім-кешек беріп, көңілін көтердік. «Неке және Жанұя» клиникасының жанындағы үй жарылғанда, одан зардап шеккендерге көмектестік. Нақтырақ айтсам, «Хлебный Дар» наубайханасына өтінішпен шығып, тұрғындарды нанмен қамтамасыз еттік. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетіп, көп балалы және асыраушысы жоқ 22 баланың оқу құралдарын сатып алып бердік. Бұған бізге «Кереге» және «Адэко-Тараз» ЖШС, «Гало» кондитерлік фабрика мен Үсен Сәкен сынды азаматтар көмек көрсетті. Сондай-ақ, Араб әмірлігі 2005 жылдан бері 560 баланың кәмілеттік жасқа толғанынша көмек көрсетеді. Егер қандайда бір баланың жасы 21-22 асып кетсе оның орнына жаңа адамды алып, тізімді жаңалаймыз, – дейді ол.

Оразкүл Тойбекқызының айтуынша, «Қызыл Ай» ұйымы халықтың ақшасының арқасында қаржыландырылып отыр. Яғни, қарапайым халық пен кәсіпкерлердің қайрымдылығының арқасында жұмыс жүргізілуде.

"АДЫРНА"

ұлттық порталы

Пікірлер