"Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын..."

2559
Adyrna.kz Telegram

Жаз мезгілінде Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жанындағы тұлғаға арналған ескерткіш-бюсттің айналасына егілген гүлдерді суғаруға шықтым.
Айналаны тағы да бір шолып өтейін деп бара жатсам, мұражайға кірер есіктің жанындағы жап-жасыл желекті таптай басып, ересек әрі еңгезердей мектеп оқушысы кетіп барады екен. Сабырымды жиып қойып, бар дауысыммен айқай салғанымды өзім де аңғармай қалыппын... Әкімнің салып берген жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегіндегі жолмен жүрмей, мұражай айналасындағы арнайы отырғызылған көгалда несі бар екен десеңізші?! "Қаланы гүлдендіреміз" деп Қоршаусыз қала жасады. Оны ұғынып жатқандары шамалы, өздерін қоршаған желекті таптап жүр. Қазір мұражайдың айналасы адамдардың ішіп-жейтін "асханасына" айналған. Онан қалса, отырған орындығына дейін сындырып кететін, «мәдениетті халықтың» иттерін серуендететін орнына айналып бара жатқаны жанды ауыртады...
Сонымен, гүлдерді суғаруға кірістім. Аңдасам өткен аптада ғана отаған арам шөптер қайта қаулап шығып кетіпті. Сенсеңіз, тіпті ескерткіш-бюстің тасты іргесінің өзін жарып шыққанына таң қалдым. Суды өшіре сала, дереу арам шөптерді қайта жұлуға кірістім, сонда бойымды өз-өзінен ашу биледі. Қайран, текті тұлғалар, қайран Алаш Арыстары. Осындай ойлары надандықтың жетегінде қаулап өсер «арам шөптердің» кесірінен шерменде қалдыңыздар ғой. Оларды түбегейлі жұлып тастауға қауқары жетпеді. Әйтсе де, текті тектілігін, биікте әрқашан тұратындығын түбінде дәлелдеп шықты. Неге десеңіз, сол «арам шөптерді» жұлып тастап, олардан әрқашан биік екендігін ұқтырып тұратын себепкерлер әлі де бар. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны да сөзсіз. Иә, жастарға сеніңіздер! Біздің арамызда сенімдеріңізді ақтар мықты ұлт жанашырлары бары анық. Осындай ойлардың жетегінде отырып "әлгі арамшөптерді" тып-типыл еттім. Иә, қайта қаулап шығары сөзсіз. Әйтсе де, менен кейін де оны отайтын, хош иісті гүлдің одан әрі жайқалып тұруын қалайтын жандардың барын есіме алдым да, еріксіз орнымнан қозғалдым...
Арада көп күндер өтпей-ақ, бұл ойым расымен өз шешімін тапты! Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен қолға алынған «Жастар онлайн» жобасының аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің ауласын абаттандыру мақсатында гүлдер егуді қолға алды. Еңгезердей оқушының басып өткен жолын жабу үшін бұл гүлдерді сол орынға егуді жөн көрдік. Қазір мұражай айналасынан өте қалсаңыз, жайқалып тұрған гүлдерді көресіз. Жекеменшікке өту салдарынан мемлекет қарауынан тыс қалған Ұлт ұстазының үйі кейбір жанашыр жастардың назарында болғаны көңіл қуантарлық.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы болар.

Жансая Сман,

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Пікірлер