«Түркияның "Түркістанға" оралуы – геосаяси шешім». Түркістандықтар қайтпек?

1699
Adyrna.kz Telegram

Түркия ұлттық білім министрлігі оқулықтағы "Орталық Азия" терминін "Түркістан" терминімен ауыстырды. Түркияда тұратын қазақ ғалымы, қазақ диаспорасының белсенді өкілі Әбдіуақап Қара бұл қадам Түркістан аймағындағы елдердің ынтымаұтасты мен мәдениетіне оң әсер етеді деп санайды. Дегенмен ол шешілмей келе қала жатқан мәселелерді де жоққа шығармайды.

Түркия президенті Ражап Тайп Ердоған ұлттық бірлік министрлігінің бұл шешімін оң бағалады. Саяси басшының бұған реакция білдіруі мәселенің саяси қырынан да хабар берсе керек. Ол  түркі әлемінің бірлігі мен елдің осы үдерістегі рөлінің маңыздылығын атап өткен.

«Біз «Түркия ғасыры» туралы көзқарасымызды түркі мемлекеттерін ұйымдастыру арқылы кеңейте отырып, алдағы кезеңді түркі дәуіріне айналдыру үшін иық тіресетін боламыз»,-деген президент Ердоған.

Түркиялық ғалмы Рамин Садық білім министрлігінің шешіміне түсініктеме берген. Оның сөзінше, «Түркістан» атауы негізінен түріктер тұратын аймақты білдіреді.

«Ұлттық білім министрлігінің «Түркістан» терминін оқулықтарға, оның ішінде балаларға арналған оқулықтарға енгізу туралы шешімі Түркия үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің әріптес елдері үшін маңызды бастама және құнды үлес»,- деп түсіндірген Рамин Садық.

Осыған орай Түркия оқулықтарындағы “Орталық Азия” терминінің “Түркістан” болып өзгеруі туралы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қарадан пікір сұрадық.

«ТҮРКІСТАН — ЕКІ ДҮНИЕ ЕСІГІ ҒОЙ»

- Бұл шешім, Түркі әлемімен байланыстарды нығайтуды және келесі ұрпақтарда мықты түркілік сананы қалыптастыруды мақсат етеді. Министрліктің бұл өзгерісін тарихшылар түркі мәдениеті мен тарихын сақтау деп бағалауда, - деді Әбдіуақап Қара.

- «Түркістан» атауы не өзгеріс береді?

- "Орта Азия", немесе «Орталық Азия» орнына "Түркістанды" қолдану, тек атауды өзгерту ғана емес, сонымен қатар тарихи және геосаяси мағыналарға ие маңызды шешім болып табылады. Өйткені бұл аймақ 1500 жыл бұрын «Түркістан» деген атқа ие болған. Бұл жерге «Түркістан атауы» Түрік қағанатының билік аймағын білдіретін термин ретінде қолданылды.

Өйткені "Түркістан" атауы "Түркілердің елі" деген мағынаны білдіріп, тарих бойы түркі және моңғол көшпенділері мекендеген аймақты білдірген. Бұл кең аймақта өмір сүрген түркі халықтарының ортақ өткен мен мәдени мұраға ие екендігі атап өтіледі.

Осы термінді 18 ғасырдын орта шенінде отаршыл елдер "Орталық Азия" деген атауға ауыстырды. Неге? Өйткені, олар осы аймақта сан ғасырлар бойы бірге қоян қолтық араласып өмір сүріп келе жатқан қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікпен сынды халықтарды бөлшектеп бірбірінен алшақтату барысында стратегиялық қадам ретінде Орталық Азия атауын қолданды. Бұл атауды өзгерту Түркістанның бай мәдени және тарихи мұрасын көлеңкеде қалдырып, аймақтағы халықтарды ортақ тарих, ортақ ататек тек деген санадан жұрдай етіп жат елдердін отарына бейімдеуді мақсат етті.

- Терминді “Түркістан” деп өзгерткен соң өзгермек?

- Ресей мен Батыс елдерінін кітап және өзге құжаттарында "Түркістан" атауының орнына "Орталық Азиянын" қолданылуы саяси және идеологиялық мақсаттармен қалыптасқан. Ресейліктер "Орталық Азия" ұғымын пайдалану арқылы түркілік бірегейлікті әлсіретіп аймақтағы үстемдігін заңдастыруды көздесе, Батыс дереккөздері көбінесе Ресейдің бұл саясатына қарсы болған жоқ, тіпті қолдады. Алайда, түркістандық саналы зиялылар мен мемлекет қайраткерлері бұған қарама қарсы тұрып келесі ұрпаққа "Түркістан" атауын санасына сіңіру үшін күш жұмсады. Мәселен, Мағжан Жұмабай «Түркістан» өлеңінде былай дейді.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, -

деп жырлап Түркістаннын қадір-қасиетін, тарихи жане мәдени тамырларын өлең сөзбен әсерлі жеткізді.

Ал Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай 1921-1941 жылдары Еуропа елдерінде жүргізген тәуелсіздік күресінің туы болған баспасөз органы болған журналға "Яш Түркістан" деп ат қойды. Ол сонымен қатар "Орталық Азия" деп емес, "Түркістан" тауелсіздігі үшін күрескенін алемге айгілеп “бір тұтас Түркістан идеясын” ортаға салды.

Міне, осы және басқа да түркістандық зиялылылар мен мемлекет қайраткерлерінің Орталық Азия орнына Түркістан атауын қолдану туралы арман-мақсаттары зая кеткен жоқ.

Мағжанның «Түркістан» өленін жазғаннан дәл бір ғасырдан соң Түркияның оқу-ағарту министрлігі «Түркістан» атауы оқулықтарға кіргізетін болып отыр.

«ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ӘСЕР»

- Орталық Азия елдері үшін бұл өзгерістің әсері қандай болуы мүмкін?

- Бұл шешімнін әсері  тек Түркия көлемінде қана емес, сонымен қатар бүкіл Түркі әлеміне болады деген ойдамыз. Олар қандай әсер десеніз:

Ұлттық сананың күшеюіне септігін тигізеді. Өйткені біріншіден "Орталық Азия" орнына "Түркістан" ұғымын қолдануы келешек ұрпақтың түркілік санасын, ұлттық санасын және отансүйгіштік сезімін нығайтады. Бұл өзгеріс Түркі әлемінің ортақ тарих, география, әдебиет, карта және әліпби секілді салаларында жасалған қадамдарына серпін береді.

Екіншіден, бірлік пен ынтымақ нығаяды. Өйткені Түркістан ұғымы тарих бойы түркі және моңғол көшпенділері мекендеген аймақты білдіріп, уақыт өте келе Батыс және Шығыс Түркістан деп екіге бөлінді. Осы кең аймақта өмір сүрген түркі халықтарының ортақ ұғым астында бірігуі Түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын күшейтуі мүмкін.

Үшіншіден, тарихи және мәдени мұраның маңызына баса назар аударады. Түркістан ұғымының қабылдануы аймақтың бай тарихи және мәдени мұрасын одан әрі әйгілендіруі мүмкін. Сөйтіп аймақтағы халықтардын өзге ұлттарға еліктемей, өз ұлтына сенуі одан әрі күшейеді.

Төртіншіден, саяси және идеологиялық әсерлері де болмай қоймайды. Түркістан ұғымының қайта жандануы аймақтағы саяси және идеологиялық тепе-теңдіктерге де әсер етуі мүмкін. Кеңес өкіметі 1924 жылы «Түркістан» атауын жойып, аймақтағы түркі халықтарын бөліп, Түркістан бірлігін ыдыратуға тырысқан еді. «Түркістан» терминін қалпына келтіру сондағы халықтардың бауырластықтарын, түбі бір туысқан елдер екендіктерін ұмытпағанын көрсетеді.

Бұл Түркия ұлттық білім министрлігінің «Түркістан» ұғымын қабылдауы Түркі әлеміне жан-жақты әсер ете алатынын көрсетеді. Осы өзгерістің ұзақ мерзімді нәтижелері аймақтағы саяси, әлеуметтік және мәдени дамуларға байланысты қалыптасады.

- «Түркістан» ұғымының енгізілуі елдер арасында осы күнге дейін шешілмей келген нақты қандай мәселелерді реттеуге негіз болмақ?

- "Түркістан" ұғымын қабылдау аймақтағы қазіргі мәселелерді шешуде бір өзі жеткіліксіз болуы мүмкін екенін ұмытпау керек. Аймақ елдері арасында саяси және экономикалық айырмашылықтар, шекаралық даулар және этникалық шиеленістер секілді шешілуі қажет мәселелер бар. Бұл мәселелерді еңсеру үшін "бәріміз бір түркістандықпыз” деген туыстық сананы қалыптастырумен қатар, дипломатиялық күш-жігер, экономикалық ынтымақтастық және мәдени алмасу бағдарламалары секілді көп қырлы тәсілдер де қажет. Бірақ солардың барлығына осы «Түркістан» рух пен жігер беретіні ақиқат.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер