Наразылықтан – саясатқа дейін. Абайдың шет елдегі ескерткіштері

1895
Adyrna.kz Telegram

10 қазан күні Түркіменстан астанасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш орнатылды.  Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов салтанатты түрде ашты.

Қазақ басшысы "Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды", - деді.  Ал Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды.

Абай есімі жарты әлемге танылған. Әлемнің түкпір-түкпірінде ұлы ақынға арналған көшелер мен ескерткіштер бар. Соларға көз жүгіртіп өтелік.

«КӨШЕСІНДЕ АБАЙДЫҢ»

Қазақтың бас ақыны атанған Абай Құнанбайұлына арнап алғаш көше ашқан ел - Украина. 1988 жылдан бері Киевте хәкімнің көшесі бар. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да кездеседі.

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды. Ал Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында да, тіпті Үндістанның астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.

НАРАЗЫЛЫҚ НЫШАНЫНА АЙНАЛҒАН АБАЙ

2006 жылы Ресей астанасы Мәскеуде Қазақстан елшілігінің маңында, «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды.

Сол жылы Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда Пушкин жылы және Ресейде Абай жылын жариялаған еді. Нәтижесінде екі ақынға Астана мен Мәскеуде ескерткіш орнатылған. Мәскеудегі ескерткішті қазақстандық тарап қаржыландырған. Құны - 162 миллион теңге. Қоладан салынған ескерткіштің авторлары - мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.

Мәскеудегі Абай ескерткіші 2012 жылы Ресейдегі қарсылық қозғалысының да нышанына айналды. Сол кезде көзде Навальный, Удальцов бастаған Ресей белсендлері бірнеше мәрте осы ескерткіштің жанында Путин режиміне қарсы жиындар өткізген. Абай өлеңдерін оқыған. Сол кезде саяси жүйені сынаған Абай өлеңдерінің орысша аударма жинағы да шыққан.

БҰРЫШҚА ЫСЫРЫЛҒАН МҮСІН

2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсінін ашты. Мүсін Иран Ұлттық кітапханасының кіреберіс аллеясында орнатылған.

Тегерандағы Абайдың мүсінін орнататын бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Иранның ұлттық кітапханасы Қазақстанмен берік мәдени байланыстар орнатқан. Сол кезде Қазақстан Ұлттық ғылыми кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Иранда болып, осы елдің Ұлттық кітапханасының құрылымымен және қызметімен танысып қайтқан. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорына иран кітапханасында сақталып жатқан қолжазбалар тізімі тарту етілген.

Мүсіннің салтанатты ашылу рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан екен. Бірақ кейін осы мүсіннің кітапхананың бір бұрышына ығыстырылғаны жайында айтылады.

БАКУДЕГІ АБАЙ ОРТАЛЫҚТАРЫ

2011 жылы мамырында Әзірбайжанның Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлы атындағы орталық ашылып, сол жерге ұлы ойшылдың бюсті қойылған.

Ал желтоқсан айында Бакуде Абай Құнанбаевтың атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2020 жылдың ақпанында да Бакуде Абай орталығы ашылды. Осыған орай, Халықаралық түркі академиясы арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, 50-ден астам басылымды орталыққа тарту еткен. Сондай-ақ Әзірбайжан Ғылым академиясы Низами атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Туран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтың «Абай» романынының көркемдік мәселелері» атты монографиясының тұсауы кесілді. Бұл-Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналған әзірбайжан тіліндегі алғашқы ғылыми еңбек болатын.

ТАШКЕНТ ТӨРІНДЕ

Ал Өзбекстан төрінде  Абай ескерткіші 2013 жылы ашылды. Еңселі ескерткіш Ташкентте ҚР елшілігінің алдында орнатылған. Оның ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримов қатысқан.

Абай ескерткішінің авторлары белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі - 9,2 метр.

ҚЫТАЙ АВТОРЫНЫҢ ҚОЛЫНАН ШЫҚҚАН БЕЙНЕ

Қытайда 2014 жылы Бейжіңдегі "Цзинтай" көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылды. Ашылу салтанатына сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов арнайы барған еді. Мүсіннің авторы - Юань Сикунь.

10 ЖЫЛ БҰРЫН. МАЖАРСТАНҒА ЖЕТКЕН АБАЙ

Дәл сол 2014 жылы Абай ескерткіші Венгрия астанасы Будапешт қаласында да орнатылды.

Ашылу салтанатына еліміздің сол кездегі премьер-министрі  Кәрім Мәсімов қатысты.  Қазақстандық жас таланттар рәсім кезінде Абайдың әндерін венгр тілінде орындап берген.

Абай Құнанбайұлына арналған мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі -1070 мм, ені - 900 мм.

ПЕРҒАУЫНДАР ЕЛІНДЕГІ МҮСІН

Абайдың бюсті 2016 жылы Мысырдың Каир қаласындағы орталық саябақтарының бірінде орнатылған.

Бюстке қаражатты мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии шығарған. Ал мүсін авторы мысырдың танымал мүсіншісі Усама әл-Серуи. Оның мүсіндері Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкентте орнатылған екен.

Ашылу салтанатында Абайдың қара сөздері мен өлеңдері араб тіліне тәржімаланған кітаптар таратылған.

Сол кезде Каир қаласының басшысының орынбасары Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою - мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен Мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететінін атап өткен.

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕЙТОЙЫ САЙЫН – БІР ЕСКЕРТКІШ

Францияның екі қаласында ойшылдың ескерткіші бар. Бірі - Ренн қаласында 2016 жылы орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен қала мэрі Ренна Натали Аппере қатысқан болатын.

Бұл мүсін – Франция үкіметінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алматының 1000 жылдық  мерейтойына жасаған сыйлығы.

Екінші 2021жылы Франция астанасы Париж қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ашылды.

Ұйымдастырушысы – ҚР Франциядағы Елшілігі, бюст демеушілік қаражат есебінен ашылған.

АНКАРАДАҒЫ АБАЙ

2020 жылдың желтоқсанында Абайдың туғанына 175 жыл және Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай Түркияның Анкара қаласы Гөлбашы ауданында «Абай және Фараби» және «Ұстаздың оралуы» кітаптарының түрік тіліндегі аудармаларының тұсаукесері және «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылу салтанаттары өтті. Маңызды іс-шаралар Түркиядағы Елшілігі Анкара Гөлбашы әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырған.

Сонымен қатар, сол уақытта Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылған.

Сонымен қатар, 2021 жылдың наурыз айында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ыстанбұл қаласы Зейтінбурну ауданында Абай даңғылы және ескерткіші салтанатты түрде ашылды,

Ескерткіш авторы - қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров

ХАРЬКОВТЕГІ «ӨМІР АҒАШЫ»

2021 жылдың қазанында Украинаның Харьков қаласына ұлы ақын Абайдың ескерткіші орнатылды. «Ойшылдар аллеясына» триптих ретінде орнатылған бұл ескерткіштің авторы – Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбанов. Оның айтуынша, туындысы «Өмір ағашы» деп аталады екен. Триптихте Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковород пен әзербайжан ағартушысы, философ Мырза Фатали Ахундов бейнеленген.

Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, ал аллея ауданы – 2 543 шаршы метр. Бір ерекшелігі, бұл саябақтың өзі Харьковтың тұмса табиғатындағы танымал демалыс аймағында орналасқан.

ЕЛШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

2021 жылдың қазанында  Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінің ауласында Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Бұл жоба ҚР-дың Швейцариядағы Елшілігімен бірлесіп жүзеге асырылды.

Бұл жұмыстың авторы – «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық Ассоциациясының лауреаты Болат Мекебаев.

ФОТОСЫ

БІШКЕКТЕГІ АБАЙ БӘЙКЕ

2022 жылы Қырғызстанда Абайдың еңселі ескерткіші ашылды. Мүсін Бішкектегі «Театр» гүлзарының орталық аллеясына қойылған.  Ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қатысып, сол күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн деп бағалаған.

ГАМАРЖОБА, АБАЙ АТА!

2022 жылы Грузияның Тбилиси қаласында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш ашылды. Грузин мүсіншісі жасаған ескерткіш қаланың бас алаңдарының біріне орнатылды. Ашылу салтанатына Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Грузияның экономика министрінің орынбасары Геннадий Арвеладзе қатысты. Қатысушылар атап өткендей, қазақтың ойшыл-ағартушысының бейнесі 2 елдің арасындағы достық қарым-қатынасты әрдайым еске түсіреді. Онымен қоса, ескерткіш бой көтерген даңғылға да Абайдың есімі берілді.

 

ДУШАНБЕДЕГІ АБАЙ ДАДА

Биыл тамызда Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Ұлы ойшылдың бюсті қаланың орталығында Фирдауси саябағында орналасқан. Мүсін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжік еліне сапары аясында бой көтерді.

Бюсттің биіктігі 3 метрге жуықтайды. Туындының авторы – мүсінші  Хушвахт Садиев. Оның айтуынша, ол әуелі Абайдың өмірімен және шығармашылығымен терең танысқан.

“Ұлы ақынның қаншалықты биік тұлға екенін таныған сайын мойнымдағы жауапкершіліктің де ауырлай түскенін байқадым”, -  дейді мүсінші.

Ал Абайдың туған елінде ақынға арналған ескерткіштер ХХ ғасырдың 50-жылдарында бой көтере бастады. Алғашқысы – 1960 жылы Алматы қаласында ашылған ескерткіш. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланды. Ескерткіштің алдыңғы бетінде «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845 — 1904)» деп жазылған. Басында тақия, үстінде шапан, сол қолында кітап бар. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың ескерткіш жұмыстарына кіріспес бұрын Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Абай елі Шыңғыстауға барып, ақынның мінез-құлқы, бет-әлпеті туралы мағлұмат жинағаны айтылады.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер