«Көтерілістің керегі жоқ». Талғардағы оқиғаға орай марқұмның әкесі үндеу жариялады

1152
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Талғарда кісі қолынан құрбан болған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы желіде видео тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Құрметті қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Көп-көп рахмет сіздерге. Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатырсыздар. Мен Қонаев қаласының ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да көмегі бар, ол кісіге де алғысымды айтамын. Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге шықпаңыздар, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде адамдар шоғырланса, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасауы мүмкін. Сол себепті халқым, өтініп сұраймын, ешқандай көтерілістің керегі жоқ. Мен тек заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын», — деді Қаржаубай Нұрымов.

Ол халықтан арандатушылыққа бой бермеуді сұрады.

«Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер. Ақылы түрде адвокат жалдауға тура келеді. Өзім ешкімнен қорықпаймын. Өзіме жауап бере аламын. Бірақ отбасымның қауіпсіздігі үшін алаңдаймын. Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетіп жатты. Телефонмен де қорқытты. «Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік» деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытқаны рас. Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін!. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын!», – деді ол.

Пікірлер