Бүгін Президент Тоқаев ресми сапармен Түркіменстанға барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақорданың хабарлауынша, Ашхабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары орындалды.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ Президент Ашхабадтағы Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашып, «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуден басталды.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Халк Маслахатының төрағасына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.
"Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, кеше Қазақстан басшысы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, басқаларды бәтуаға шақырғанын жазған едік.