Путиннің туған күнінен соң. Мәскеуге барған Президент ел басшыларын тоқтамға шақырды

966
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан басшысы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, басқаларды бәтуаға шақырды. Бұл туралы Ақордаға сілтеп "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қазандағы жиында дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Ресей басшысы Владимир Путинге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.

"Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, геосаяси тұрақсыздыққа да назар аударып, келісім жасасуға шақырды.

"Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, Президент әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс екенін айтты.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізіп, қорытындылады.

Жиында Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарлауы жайында әртүрлі ақпарат тараған. Дегенмен соңғы сәтке дейін бұл сапар туралы белгісіз болып келген.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы - Кеңес одағы тараған соң, одақ құрамындағы елдерден құралған ұйым.

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы Мәскеуде 7-8 қазан күндері өткізілді. 7 қазанда Ресей басшысы Владимир Путин 72 жасқа толды.

Пікірлер