3-қыркүйекте Ақжарқын Тұрлыбайдың шешуші соты болмақ

14011
Adyrna.kz Telegram

Құрметі оқырман қауым, иісі қазақ қараша!
Көңіл бөліп соңына дейін қарап шығуларыңызды өтінемін.
Естеріңізді болса осыдан төрт жыл бұрын жерлесіміз ҚазМҚПУ-ң студенті Ақжарқын Тұрлыбай нигериялық азаматтардың алдауына түсіп, "Анаша тасымалдады"-деген
жаламен қытайдан Малайзияға ұшып бара жатқан жерінен ұсталып, қатал үкіммен қытай түрмесінде өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасына кесіліп жатқанына міне, биыл төрт жылдың жүзі болды...
Бұл қызымыздың ата-анасының әлеуметтік жағдайын ескеріп, білікті заңгер, төрт тілді еркін меңгерген аптал азамат Сұңқар Нұрмағанбетов жанашырлықпен азаматтық танытып, тегін адвокаттық қызмет жасап келеді. (Оның аспан асты еліне төрт жыл ішінде бірнеше рет ұшып барып келуі, жатын орны т.б. өз алдына бөлек әңгіме...)
Айтпағым - алдағы 3-қыркүйек күні қытай мемлекетінде Ақжарқын Тұрлыбайдың шешуші соты болмақ...
Бұған дейінгі сотының біріне әрең қатысқан анасы қызының соңғы үкімін өз құлағымен тыңдап, баласын бауырына бір басып, маңдайынан иіскеп қайтуға қол қысқалығынан еш мүмкіндігі болмай тұр...
Жүрегі қанға, көзі жасқа толған ана бейбақтың тілі де, қолы да қысқа боп тұрғаны менің азаматтық арымды тыныш жатқыза алмады...
Құрметті қандастар, көзі ашық,көкірегі ояу азаматтар, көзі қарақты оқырман, иісі қазақ!
Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар бірлігімізді танытайық. Бәрәмізде ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Өткеніміз өзімізге белгілі болғанымен, алдағы өміріміз тек бір Аллаға аян. Кімнің алдынан кім шығып көріпті...
Күйіктің қара шайын сораптаған бір қазақ шаңырағын табаламай, адаса басқан қазақ қызын орынсыз кінәламай, азаматтық қолғабысымызды көрсетіп, жанашырлық танытып, мүмкіндігінше қол созайық.
Бұл - әрбіріміздің иман жолындағы адами борышымыз, азаматтық парызымыз саналмақ. Алла жолына қайырымдылық жасасақ, Тәңір ием қайтымын еселеп берері сөзссіз. Пейілі мен мейірімі шексіз, қонағына астындағы жалғыз атын сойып берер қазақ деген жомарт елдің, зайырлы елдің ұрпағымыз ғой. Азаматтығымызды, өзге елдің алдындағы елдігіміз бен ерлігімізді, бірлігімізді көрсетейік, ағайын. Қаумалаған 18 млн халық бола тұра басына күн туған бейбақ ананың жолына тиын-тебен ұстата алмасақ, сүрінгенге сүйеу бола алмасақ, онда несіне "Егемен елміз, демократиялы мемлекетпіз, атағымыз бен абыройымыз аспандап, алты құрлықты бағындырдық" деп көкірек керіп, атой салып айғайлаймыз?!
Іштей мүжілген қазақ анасының қолтыған демеп, су бүркей алмасақ біздің мұсылмандығымыз қайсы? Онсыз да қаптаған қытай елінде қаншама мыңдаған қандастарымыз тағдырдың тауқыметін тартып жатқаны белгілі ғой...
А. Тұрлыбайдың шешуші соты бұл. Жаза басқан қаракөз қазақ қызына шығарылған үкім күшін жоймаса, бір қазақтың қызғалдағы қаптаған қытайдың темір торында шіриді деген сөз. Бір қызғалдақ елінің саф ауасын жұтуға, ауылының қасқа итін көруге зар болып, мезгілсіз солиды деген сөз. Одан тарайтын қазақ ұрпағының өзі бір төбе мәселе...
Онсыз да төрт жылдан бері өлместің күйін кешіп, темір торда тоғытылып, азапты күндерді басынан өткеріп жүрген қарлығашымыздың жастығының құрғақ болған күніне кім кепілдік бере алады...
Ақжарқынның түрмедегі тәртібінің жақсы болуының нәтижесінде сол елдегі елшілік пен біздің елдің Сыртқы істер министрлігі, адвокат
С. Нұрмағанбетовтың онымен жүздесіп, сот ісінің ілгеріленуіне мүмкіндік туып тұр.
Ресми деректерге сүйенсек, Ақжарқынның Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық Университетіндегі мінез-құлық, сабақ үлгерімі, тәртібі өте жақсы болған, әрі бес уақыт намаз оқитын үздік студент екен...
Темір тордың ар жағында қарап жатпай, жүктелген еңбекке араласып, өз бетінше ізденіп, қытай тілін еркін меңгеріп алғаны соншалықты, кезекті сот отырысында сот ісін жүргізуде аудармашы қызметінен түбегейлі бас тартыпты...
Мен мұнымен Ақжарқынды жүз пайыз ақтап, қу қытайды даттағалы отырғаным жоқ.
Қытай заңы тым қатал екені айтпаса да белгілі. Жерлесімізге әлдеқандай заң үкімі шығаратыны бір Аллаға аян. Құдайы жоқ қытай мемлекеті егер сот үкімін өз күшінде қалдырып, Ақжарқынды өмір бойы бас бостандығынан айыру және оны қытай елінде өтеуін ләзім деп тапса, сіз бенен біздің демеуімізбен сот процессіне анасы қатысса, зар илеген ананың бозторғайдай балапанынын соңғы рет құшуы, соңғы рет маңдайынан иіскеуі болар бәлкім...
Жаратқан ием шапағатын төгіп, қытай соты мейірімділік танытып, қызымызды тым құрығанда елге экстрадициялау мәселесіне үкім шығарса - онда біздің, қазақтың олжасы, қазақтың ұтқаны, бір қазақ шаңырағының таңының күліп, арайланып атқаны-дүр...
Сол ақ таңның тууына сіз болып, біз болып мұрындық болайық, ағайын! Қазақта Атымтай жомарт азаматтар көп-ақ. Сол жомарттығымызды дәлелдейік. Азаматтық танытайық!
Алла жолына деп берген қайырымдылығыңыз Алладан еселеніп қайтсын, құрметті иісі қазақ.
Кең байтақ даланы мекен еткен 18 млн халық Ақжарқынның анасының есеп шотына мүмкіндігімізше, тым құрығанда мың теңгеден салсақ, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімоваға үлкен көмек, демеу болары анық...
Ендеше, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысайық, қадірлі қазақ елі! Уақыт өте аз қалды...
Бұл отбасына еш туыстық, таныстық қатысым жоқ, бірақ қазақтың бір қара қызы үшін, бейбақ Ана үшін бозторғайдай шырылдап, сіздерге үн қаттым. Иманды, мейірімді жандар қарап қалмас деген үміттемін. Түсіністік танытарсыздар деген ойдамын. Баршаңызға алдын-ала мың алғыс. Алланың нұры жаусын!

 

Айгүл ТӨРЕБЕКОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер