Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасының елдігі мен тәуелсіздік тұғырымыздың белгісі. Егемен ел екенімізді айқындайтын символ. Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлаған тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартады, әрі заңнама бұл жауапкершілікті күшейтуді жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін салынатын айыппұл 3 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ, бас бостандығынан айыру жазасы 1 жылға дейін қарастырылған болатын.
Тіркелген мысалдар
Айта кетсек 2022 жылы жастар арасында өз тректерімен танымал ИК тобы мен SHIZA жартылай мас күйінде сахнада өнер көрсетіп, оның ішінде көк туымызды ұстап әншілердің тарапынан балағат сөздер айтылған болатын. Дәл сондай фактілер бойынша өткен жылдары Талдықорғанда облыстық әкімдік маңында мемлекеттік туды қоқыс қапшығы ретінде пайдаланған жағдай болған, бұл қоғамның наразылығын туғызған еді. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстанның мемлекеттік әнұраны дұрыс орындалмағаны жайлы да оқиғалар тіркелген. Ал заңнамалық деңгейде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейту мақсатында жаңа ережелер мен айыппұлдарды көбейту мәселелері талқыланып жатыр .
Таяқтың екі ұшы бар демекші, елімізде мемлекеттік рәміздерді жоғары қоятын тұлғалардың да бар екенін айта кеткеніміз жөн. Спортшыларымыз өз алдында. Атақты тележүргізуші, актёр, Нұрлан Қоянбаевтың былтыр Астанада 7 қыркүйек күні болған Қазақстан – Финляндия ойынында 20 000 туды көрерменге таратқан болатын. Сондай-ақ әйгілі кинопродюссер өзінің Instagram желісіне көк туымызды жариялаған еді. Пост салудың мақсаты – Қазақстанның туын лүпіл мен пікір бойынша Гиннес рекордтар кітабына енгізу. Аталмыш фотосуретке Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дейін қолдау көрсетіп, пікір қалдырған.
Заңгер не дейді?
Мемлекеттік рәміздердің стандарттары бұзылған жағдайда қандай шара қолданылатыны туралы Adyrna тілшісі заңгер – Бағдат Амандосұлынан біліп қайтты.
– Әкімшілік отыратын немесе т.б басшылар отыратын орындарда елтаңбаның ілініп тұратыны – заңды. Тағы басқа қандай жерлерде елтаңбаның ілініп, жалпы рәміздеріміздің ілініп тұрғаны заң?
– Алдыменен осы мемлекеттік рәміздерді пайдалану, оның ішінде орнату – ол бізде арнайы қаулымен реттеледі. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орнату, орналастыру қағидаларын бекіту туралы 2007 жылғы ҚР-ның қаулысы бар. №873 деген. Сол қаулыда нақты барлығы реттеледі. Енді сұраққа келетін болсақ, ҚР-ның конституциясында нақты көрсетілген мемлекеттік рәміздерді Қазақстан Республикасында тұратын әр тұлға құрметтеуі тиіс. Ал рәміздерімізді қолдануға болады, болмайды дегенге келетін болсақ, мемлекеттік ғимараттарында, Қазақстанның шетелдегі мемлекеттерінде, ресми түрде Қазақстан Республикасының атынан ұйымдастырылып отырған ауқымды залдарда, Ұлттық холдингтер мен компанияларда, Ұлттық акционерлік қоғамда және жауапкершілігі шектеулі серіктестерге (ТОО) мемлекет серіктес болып табылса, онда сол мекемелерге елтаңбаны қолдануға болады. Тағы бір айта кететінім – Мемлекеттік ғимараттарды отыратын лауазымды тұлғалардың жұмыс кабинетінде елтаңба немесе тудың орналсуына болады. Өйткені адам кіріп келген кезде мемлекеттік басшысы екеніңді көрсетеді.
– Ал қандай жерлерде ілініп тұрмауы керек?
– Шаруашылық, тұрмыстық киім ілінетін жерлерден алыс болуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың лауазымды тұлғалары өздерінің ішкі бланктерінде сосын өздерінің реквизиттерінде және мөрлерінде елтаңбаның бейнесін пайдалануға нақты тыйым салынған.
– Егер де бір тұлға елтаңбаны көпқабатты үйінің сыртына іліп қойған жағдайда оған заң жүзінде қандай шара қолданылады?
– Көпқабатты үйлерде рәміздерді қолдану үшін ол – мемлекеттік мекеме немесе сол мемлекетпен серіктес, мемлекетке қатысы бар ғимараттар болуы керек. Жеке үйде қоюға болмайды. Құқық бұзушылықтарға қолданылатын заң аясына келсек, мемлекеттік рәміздердің талаптарын бұзғаны үшін бізде Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ол енді жеке тұлғалар үшін 25 (АЕК), лауазымды тұлғалар үшін, ИП-лар үшін, коммерциялық емес ұйымдар үшін 50 (АЕК), орта кәсіпкерлерге 75 (АЕК), ірі кәсіпкерлерге 200 (АЕК) айыппұл салу көрсетілген. Ал енді рәміздерді пайдалану, орнату, орналастыру тәртіптерін бұзса, ең бірінші ескерту жасалады жеке тұлғаларға немесе оларға 5 (АЕК) айыппұл салынады. Ал лауазымды тұлғалар мен шағып кәсіпкерлерге 10 (АЕК), орта кәсіпкерлерге 20 (АЕК), ірі кәсіпкерлерге 30 (АЕК) салынады. Егер ос құқық бұзушылықтар 1 жыл ішінде қайталанатын болса, онда әкімшілік оларға алдыңғысынан 2 есе көтеріп айыппұл салады. Тағы бір айта кетейінші, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар тұрғылықты және тұрғылықты емес орындарда балконға іліп қоя алады. Бірақ мақсат қандай болуы керек? Патриоттық сезімді көтеру мақсатында болуы керек. Осыны есте ұстаған жөн.
– Ютуб желісінде Қазақстан Республикасының әнұранына ремикс жанрында (өзгертілген нұсқада) жазылған әуен бар. Заң тұрғысынан бұл дұрыс па? Дұрыс болмаған жағдайда ремикс авторына қандай заң қолданылады?
– Бұл жерде заң бұзушылық бар. Жаңа айттым ғой «мекемелерде ұйымдарда, ғимараттарда ғана қолданылады» деп. Бұл жерде айта кететін мәселе мына мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалар қоланған кезде оны ұлттық стандарттан бұза отырып пайдаланғса, заң бұзушылық болады. Яғни мемлекеттік туды қорлау нысанында пайдала алмайды. Ал бейнероликке келетін болсақ бұл жерде автор монтаж жасағанда көк туымыздағы күнді жауып тастап, орнына басқа зат қойған. Сәйкесінше бұл құқық бұзушылық болады және әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодекстің 458-бабы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау – елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қорытынды
Тәуелсіздік символын аяқ асты ету қай жағынан қарасақ та әбестік танытады. Сондықтан да болашақта бұндай жағдайлар қайталанбас үшін қазірден бастап өз-өзімізбен жұмыс жасаған абзал.
Ислам Әден