Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум басталды

881
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда республикалық атом электр станциясын салу немесе салмау туралы шешім қабылдайтын референдум басталды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қазақстан заңнамасына сәйкес референдум – Конституциялардың, заңдардың және қоғам өмірінің басқа да маңызды мәселелері бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Ол «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңмен реттеледі және оны арнайы құрылған комиссия ұйымдастырады.

Дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Республикада 10 мыңнан астам сайлау учаскелері бар. Бірінші болып шетелде - Сеул мен Токиода учаскелер ашылды.

Референдумға 18 жасқа толған Қазақстанның барлық азаматтары дауыс беруге құқылы. Дауыс беру бюллетеньдері қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Референдумда азаматтар «Сіз Қазақстанда атом электр стансасының салынуымен келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беруі керек. Жауаптың екі нұсқасы бар: «Иә, келісемін» және «Жоқ, келіспеймін».

Орталық референдум комиссиясының оның қорытындылары туралы ресми хабарламасы дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Пікірлер