Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттің ректоры Гүлмира Қанай ардагер ұстаздармен кездесті.
Алматыда Университеттің 80 жылдық мерейтойына орай жоғары оқу орынының зиялы түлектері – ұстаздармен кездесу өтті. Шара Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына зор үлес қосқан ұстаздар мен ғалымдардың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметтерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар ұлттық ғылым мен білімнің өткені мен бүгінін, болашағын талқылау, жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері кездесуге арқау болды.
«Ел болашағы – ұстаздардың қолында. Ұлағатты ұстаздардың арқасында еліміздің педагогикалық және өзге де салалары жоғары білікті мамандармен толықтырылып жатыр. Тәрбиелі жастарымыз адал қызмет етіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруда. Бұл ең алдымен, сіз мен біздің тоқтаусыз ізденісіміздің, кәсібімізге деген махаббатымыз бен адал қызметіміздің, елімізге, жас ұрпаққа деген сүйіспеншілігіміздің белгісі деп білемін», – деді университет ректоры Гүлмира Қанай.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі талқыланды. Университеттің жеткен жетістіктері мен алға қойған жоспарлары да айтылды. Сонымен қатар білім ордамыздың аға оқытушылары мен білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген университет түлектері өз баяндамаларын ұсынды.
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ершина Айнагүл Қапасовна университет басшылығына алғысын айтты.
«Мен осы университеттің 1971 жылғы түлегімін. Бүгінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессормын. Білім саласында қызмет еткеніме 37 жыл болды. Әр жеткен жетістігім қадірлі ұстаздарымның қажырлы еңбегі деп білемін. Сол кісілердің жолымен біз де шәкірт тәрбиелеп келеміз. Біздің басты мақсатымыз – шәкірттерге сапалы білім беру. Еңбегімізді ескеріп, елеп жатқан Университет басшылығына айтар алғысым шексіз», – деді ұстаз.
Кездесу соңында зиялы ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.