Таразда тазалық жұмыстары қарқынды атқарылуда

77
Adyrna.kz Telegram

Биыл 21 ақпанда қала әкімінің №464 қаулысына сәйкес, Тараз қаласы аумағында көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі екі айлық жарияланған. Айлық аясында қалада атқарылған оңды істер аз емес.

Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес ұйымдастырылған апталық сенбіліктерге мемлекеттік және жеке нысандағы кәсіпорындар, сонымен қатар қала тұрғындары атсалысып, өздеріне бекітілген аумақтары бойынша тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қала аумағындағы көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында қоқыс қалдықтары тазаланып, шөбі шабылды. Бұл іске тұрақты түрде 35 дана техника мен апта сайын 5000-ға жуық адам күші тартылды. Нәтижесінде барлық аумақ бойынша «Жасыл ел – Тараз» ЖШС шамамен 16 000 тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы орынға шығарды. Сондай-ақ 120 шақырымды құрайтын арық жүйесі тазаланды. Аула мен көше жағаларында 1 600 000 шаршы метр шөп орылды. Сонымен қатар қала бойынша 78 көшенің сырлануы жоспарланса, бүгінгі таңда 30 көшенің бойында орналасқан 3152 дана бағана сырланып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ көріктендіру және көгеріштендіру мақсатында қала аумағында орналасқан гүлзарлар мен саябақтарда 60719 дана көп жылдық және мерзімдік гүлдер отырғызылды. Бұған қоса арнайы белгіленген жерлерге 6954 дана талдардың көшеттері егілді.

Ақпанның 15-інен бастап қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірігіп, округ инспекторлары тарапынан тұрғындар арасында тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде көше бойында кездейсоқ қоқыс пен инертті құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 556 азамат анықталып, 468 азаматқа ескертулер берілсе, 88 тұрғынға әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдар көлемі 1 595 239 теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда айыппұл көлемі 6 есеге артқан. Мәселен, өткен жылы көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 14 азаматқа айыппұл салынса, биыл жыл басынан бастап 88 азамат айыппұл арқалады.

Қазіргі таңда қаланың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында және бейберекет сауданың алдын алу үшін қала аумағынан заңсыз қойылған 161 дана дүңгіршек анықталып, 67 данасы алынды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес дүңгіршек иелеріне ескертулер жасалынды.

Сонымен қатар қалада тұрмыстық қатты қалдықты тастауға арналған 328 алаңша бар. Олар 1540 дана жәшікпен қамтылған. Айталық, 2023 жылы қажеттілікке байланысты 1120 дана қоқыс жәшігі сатып алынып, ескірген жәшіктер алмастырылды. Бұған қоса қала аумағындағы осы аталған алаңшаларда полиэтилен қалдықтарды жинау, шығару, қайта өндеуге жіберу қызметімен қала бойынша «Kaz Ecology» ЖШС және ЖК «Бахыт» айналысады. Бүгінгі таңда шаһар аумағында бұл кәсіпкерлер тарапынан 620-ға жуық сеткалық жәшіктер орнатылған.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында облысымызда «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны бастау алды. Ауқымды акцияның шеңберінде әр апта сайын шаһарда тазлық жұмыстары жүргізіліп, талдар егілуде. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, ерікті жастармен бірге қатысып, акцияға өз үлесін қосуда.
Бұл жұмыстардың басты мақсаттарының бірі – мекеме қызметкерлерінен бастап елге өнеге болу арқылы халықты ортақ іске жұмылдыру. Сондықтан тазалық жұмыстары әлі де жалғасын табады.

Пікірлер