Қазақтар Ашаршылықты ұмытқанда. Тағы бір парламент Голодоморды геноцид деп таныды

1327
Adyrna.kz Telegram
фото: adyrna.kz
фото: adyrna.kz

Осы аптада Швейцария парламенті басым дауыспен 1932-1933 жылдардағы Украинадағы Голодоморды (ашаршылық) Сталиннің бұйрықтарынан туындаған геноцид деп таныды.

Бұл туралы Неміс толқыны радиосы хабарлап отыр.

«ТАРИХИ ШЕШІМ»

КСРО билеушісі Иосиф Сталиннің Украинадан астықты, малды және азық-түлікті тәркілеу туралы бұйрығының нәтижесінде аймақта 1932-1933 жылдары жойқын ашаршылық болғандықтан, бұл қайғылы оқиға геноцид ретінде ауыр қылмыс саналады.

Сейсенбі, 24 қыркүйекте өткен дауыс беру кезінде Швейцария Ұлттық кеңесі мүшелерінің көпшілігі осындай пікірге келді.

«Ұлттық кеңес ауқымды және мақсатты түрде ашаршылыққа әкеп соқтыратын және ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты толығымен немесе ішінара жою мақсатында жүзеге асырылатын жүйелі әрекеттерді геноцид актісі ретінде таниды», - делінген Швейцария парламентінің Үлкен палатасының мәлімдемесінде.

Швейцарияның шешіміне Киев те дереу реакция білдіріп үлгерді.

«Бұл – шынында да тарихи шешім. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және миллиондаған жазықсыз құрбандарды еске алу жолындағы өте маңызды қадам», - деді  Жоғарғы Рада төрағасы Руслан Стефанчук.

ОҢШЫЛДАР ҚАРСЫ

Швейцария парламентінің Үлкен палатасының 123 мүшесі Голодоморды геноцид деп тану туралы қарарды қабылдауға дауыс берсе, 58-і қарсы шыққан. Құжатты Ұлттық Кеңестің соңғы сайлауында жеңіске жеткен, бірақ заң шығарушы органда көпшіліктің дауысына қол жеткізе алмаған Швейцарияның оңшыл консервативті халық партиясының (SNP, SVP) мүшелері қолдамады.

SVP партиясының ұстанымы туралы депутат Моника Рюггер «Швейцария геноцид туралы шешім қабылдамайды және өзін пайдалануға жол бермеуі керек» - деп түсіндірді. Оның айтуынша, геноцид әрекетінің болған-болмағанын халықаралық соттар бағалауы керек.

ГОЛОДОМОРДЫ ГЕНОЦИД ДЕЙТІН ЕЛДЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Мемлекеттің халқын саналы түрде жоюға бағытталған Голодоморды 30-дан астам мемлекет геноцид ретінде танып отыр. Олардың ішінде Украинаның одақтастары саналатын Батыс елдері ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының бірқатар мемлекеттері де бар.

Голодоморды геноцид деп тану туралы пікірталастар Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне байланысты күшейе түсті. Сонау 2007 жылы Бразилия парламентінің тиісті комиссиясы Кеңес өкіметінің әрекетін геноцид деп танығанымен, елдің Ұлттық конгресінің жоғарғы палатасы – Федералдық кеңес 2022 жылдың сәуірінде ғана тиісті қаулы қабылдап, онда Ресейдің көрші елге қарсы агрессиясын атап өтті.

Еуропада Голодоморды геноцид деп мойындайтын жеке елдер, Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін жүргізілген дауыс беруде Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы мен Еуропалық Парламент деңгейінде де мойындады.

Неміс Бундестагы да 2022 жылдың қарашасында Голодоморды геноцид деп таныды. «Бүгінгі күн тұрғысынан алғанда, бұл тарихи және саяси тұрғыдан геноцид ретінде бағалануы керек», - делінген қарарда. Бұл мәселе бойынша дауыс беруден солшыл партия мен оңшыл популистік «Германия үшін балама» фракциялары қалыс қалған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 1930-1933 жылдарда Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты мен азық-түлікті күштеп тартып алуынан жаппай ашаршылық туындаған еді. Соның салдарынан қазақ даласындағы 40 миллион бас малдан 4 миллиондайы ғана қалған. Бұның барлығы халықтың тұрмысын төмендетіп қана қоймай, жүз мыңнан бірнеше миллионға дейінгі адамдардың құрбан болуына әкеп соқты. Тарихқа тіркелген мұндай Ашаршылық оқиғасында тек қана қазақтар емес, басқа да көршілес елдердің халқы қырылды.

 

Пікірлер