Бір жыл бұрынғы тамбурдағы әлімжеттік. Президент айтқан соң ғана күдіктілер ұсталды

1041
Adyrna.kz Telegram
фото: ҚР ІІМ
фото: ҚР ІІМ

Астанада видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен Ұлттық ұланның бұрынғы сарбазын соққыға жыққан екі күдікті ұсталды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қылмыстық іске қатысты жедел-іздестіру шараларының арқасында Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісін ұрып-соғуға қатысы бар барлық күдіктілердің орналасқан жері анықталды. Астанада 24 сағат ішінде екі күдікті – денеге тікелей зақым келтірген жәбірленушінің бұрынғы әріптестері тұрғылықты жері бойынша жедел түрде ұсталды. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ведомство хабарламасында.

Тергеу аясында барлық қатысы бар адамдардан жауап алынды. Олардың әрекетіне, соның ішінде видеоны түсірген адамға да құқықтық баға беріледі. Тергеу шаралары жалғасуда, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде камуфляж киген жігітті пойыз вагондарының өткелінде белгісіз біреулердің ұрып жатқан видеосы тараған болатын. Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан камераға түсіп қалған арнайы форманың осы басқармаға тиесілі екенін растаған еді.

Ішкі істер министрлігі оқиға 2023 жылдың күзінде, борышын өтеп, запасқа жіберілген сарбаздардың үйлеріне қайтып бара жатқан кезде болғанын хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке шабуыл жасағандарды жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Пікірлер