Отанды сарбаз қорғайды, сарбазды кім қорғайды?

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nNI04ivGpKqNt9w2cNt0B27o0wP0QCONIVnmKtJP.jpg

Соңғы уақытта елімізде перзентін Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп, боталап қалған ата-ананың саны күрт өсті. Бейбіт күнде әскердегі сарбаздардың қаза табуына не себеп? Әскери жүйенің әлсіздігі ме, әлде әскери қызметкерлердің біліксіздігі ме?

25 қыркүйек Қазақстан бүкіл ел болып қара жамылды. Әскери басшылардың жауапсыздығы 14 теңізшінің ажалына себеп болды. Әскерде шығын көп болғанымен, бұл – жаттығу кезіндегі орны толмас қаза. 

Биыл әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны күрт өсті. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша әскерде 240-қа жуық қылмыстық іс тіркелген. 2025–2026 жылдары әскерде шамамен 47 сарбаз қаза тапқан. Ал өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 2025–2026 жылдары 21 оқиға тіркелген. 2025 жылы 17 жағдай тіркелсе, биылғы жылы дәл осындай 4 оқиға тіркелген. 

Ал әскерге аман-сау барып, мүгедек болып оралған сарбаздар туралы ресми деректер жоқ. Дегенмен, 2023 жылы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызметін өтеу барысында бас-ми жарақатын алып, ұзақ уақыт комада жатқан Ербаян Мұхтардың ісі қоғамда үлкен дау туғызды. 2023–2025 жылдары халықтан 230 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, Түркияда ем қабылдаған Ербаян Мұхтар биыл 23 маусымда қаза тапты.

ӘСКЕРИ ДӘРІГЕРЛЕР «БАЛАҢНАН ӨЗГЕРІС КҮТПЕ» ДЕДІ

Қазіргі уақытта Павлодар қаласының № 5512 әскери бөлімінде қызмет еткен шымкенттік Өмірбек Сұлтанмұратовтың отбасы баласының жай-күйіне алаңдап, мемлекеттен әділдік пен көмек сұрайды. Отандық дәрігерлер сарбазға «менингит» диагнозын қойғанымен, анасы оның жай ғана суықтан пайда болғанына сенбейді. Мәдина Шоқанбаева ұлы әскерде қатал соққыға жығылды және медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмеді деп санайды.

«Баланың жағдайы бірқалыпты, оңалмаған күйде қалды. Жүре алмайды, сөйлей алмайды, ешкімді танымайды. Танығанда «Мен әкеңмін бе, шешеңмін бе?» десем, басын жай ғана изейді. Баламның жағдайы ауыр. Дәрігерлер еш нәрсе айтып жатқан жоқ. Астанадағы әскери дәрігерлер «Балаң осы күйде жатады, балаңнан басқа өзгеріс күтпе» деп үйімізге беріп жіберген. Содан соң Өзбекстанда 20 күн ем алдық, онда да дәрігерлер «Балаңыз қатты соққы алған, бәрі бір Алланың қолдарында» деп кері қайтарды», - дейді Өмірбектің анасы.

«Мемлекет жағынан оңалту бойынша көмек бергенін қалаймыз. Балам аяққа тұрып, «анашым» деп мені құшақтаған күнді көргім келеді», - дейді ол. 

Баласы әскерден осындай болып келген Мәдина Шоқанбаева бұл саладағы қазіргі жағдайдың сорақы екенін айтады. 

«Әскердегі соңғы жағдайды естіп, жүрегім ауырды. Қазақстанда неге мұндай жағдайлар тоқтамайды? Ананың жайын ойлайтын біреу бар ма? Әскер болсын, болмасын емес, бірақ әскерден балаларымыз аман-сау келетін мемлекет жағдай жасасын»,- дейді әскерден жарымжан болып қайтқан Өмірбек Сұлтанмұратовтың анасы.

ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕГІ ТӘРТІП ҚАНДАЙ?

Әскердегі тәртіп пен ондағы жүйе, белгіленген тәртіпті бұзған жағдайда қолданылатын шаралар, сарбаздардың қауіпсіздігі жайында толық білу мақсатында Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның № 5451 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген солдаттар мен бөлімше командирлеріне жауапты взвод сержанты Аңсар Ғаниұлымен тілдестік.

«Ең алдымен сарбаздар психологиялық тест тапсырады, сосын медициналық тексерістен өтеді. Тапсырылған тексеріс бойынша оң нәтиже көрсеткен сарбаз әскер қатарына алынады», - дейді ол.

Ол әскери өмірге үйретудің шарттарын атады.

«Сарбаздарды әскери өмірге үйрету қатаң тәртіп сақталғанда ғана мүмкін. Тәртіпке бағынып, әскери өмірге үйрену үшін уақыт пен шыдамдылық қажет», - дейді Аңсар Ғаниұлы.

Ол тәртіп бұзған сарбаздарға қолданылатын шаралар ретін де атады. 

«Ең бірінші ескерту алады, кезекті тәртіп бұзған жағдайда 5 күндік тәртіптік изоляторға қамалады»,- деген Аңсар Ғаниұлынан тәртіптік изолятордың сарбаздың одан арғы қызметіне қалай әсер ететінін сұрадық. 

«Сарбаз тәртіп сақтамай тәртіптік изоляторға түскен жағдайда, шен берілмейді, қатардағы сарбаз рөлінде қалады. Сонымен қатар, изоляторда жатқан күндерін толықтай өтейді», - деген ол оқу-жаттығу кезінде сарбаздарды қауіпсіздік ережелерімен таныстырудың да жөн-жобасын айтты.

«Әр ротада қауіпсіздік шаралары жазылған кітап болады, сарбаздар аталған кітаппен танысып, қауіпсіздік ережесін сақтаймын деп қол қояды. Қарумен жаттығу жасау барысында да сарбаздар қатаң қадағаланады. Қарудың оқтаулы, оқтаулы емес екені барлық сарбазға алдын ала ескертіледі», - дейді Аңсар Ғаниұлы.

«Сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері мен сарбаздарға жасалатын әлімжеттік туралы не айтар едіңіз?» - деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді. 

– Бұл жағдай әр аймақтағы оқиғаның әртүрлілігі арқылы бағаланады. Кімнің ойында не бары белгісіз, бүгін жақсы жүрсе, ертең өзгеруі мүмкін. Көп жігіттер өздерінің мәселелері жайында психологпен кеңесуді жөн көрмейді, сол себепті өз-өзіне қол жұмсаудың нақты себебін білу мүмкін емес. Біздің бөлімшеде әлімжеттік, суицид жағдайлары тіркелмеген. Басқа әскери бөлімдерде орын алған қайғылы жағдайдың себептері айтылмайды, – дейді сержант Аңсар Ғаниұлы.

Аяулым Шалқарқызы

Пікірлер