СЕРІК ЕЛІКБАЙ. ЖАР-ЖАР

4120
Adyrna.kz Telegram

-Алло. Бұл Нұржан ба екен?
-Иә, мен.
-Маған сіз туралы айтып еді.  Жақсы бір тамада керек.
-Міне қазір есіктің алдына шығамын.  Адресімді айттым.  Қазір жетемін. Екеуі үйдің жанындағы « Ностальгия » кафесіне келіп кірді. Сыра алды. Өзі ішкен жоқ.
-Атым Асан. Өзің де көріп отырсың ғой жасым 35-те. Бұған дейін бір рет үйлендім.  Жеті жыл бірге тұрдық. Бала болмады. Жаман тұрған жоқпыз. Бірақ шешем құлақ етімді жеп қойды. Бала, бала деп. Аяғында ажырасып тындық.
Осы биыл, тамыз айында қазіргі үйленбек жарыма жолықтым. Келініңе.
-Жеңге деңіз.
-Дұрыс, дұрыс саған жеңге ғой. Жап – жас. Әп – әдемі. Шынын айту керек. Бір
бизнесмен жігіт алдап кетіпті. Мен өзім зауытта кезекшілік бастығымын. Шүкір ақшам жетеді. Ал мынау ақшалы жігіттер, қазақтың қазақтың байығандары оңбаған ғой. Тиындары бар, ақшалары бар-арлары жоқ. Бір-ақ күнде, байыған адамда ұят болмайды ғой, бәрі етпен терімен бірге келген ұрлық, кеңес өкіметінен басып қалған дүние... Бұл сүйекпен келмеген соң солай болады да. Бәріміз де солаймыз. Шынын айтайын, мына жеңгеңе өліп ғашықпын. Бұған ғашық болмау мүмкін емес. Сондай әдемі. Мінезі ғажап. Бұндай мінез періштеге ғана тән болуы керек. Асеке, Асеке деп тұрады. Қай кезде көрсем де тамағым даяр, киімім жууылы. Эх, несін айтасың. Мен өзімді бақытты сезініп жүрмін. Өзің де бір иман жүзді бала екенсің. Әлі аға – бауыр болып араласып кетеміз. Құдай біледі жеңгең ешкімді жатсынбайды. Сосын тағы бір айтарым, болашақ жарымның аяғы ауыр болып келді. Мен алдыртпадым. Кім болса да әкесі қазақ ғой.
Нұржан таң қалды. Иә, иә біреулер өз баласынан қашып жатқанда мына жігіттікті. Нағыз,ерлік, нағыз қазақтың жесірі мен жетімін жатқа бермес бауырлас мінез алп – алп басқан ағалар – ай.
Той болар күн де оңай сырғып жетті. Қала ортасындағы « Сарыарқа » мейрамханасында кісі тым көп екен.
Асан ол, « жақсы өтсін » деп ақшасын алдын – ала беріп тастады. Беташардың ақшасы да өзіңдікі деп ескертті.
- Нұреке,  осы тойда аянарым жоқ енді. Бір есте қалардай қылып өткізші. Музыкаттарыңды, бишілеріңді де риза жасаймын.  Қажет болса тағы да ақша беремін. Жетпесе айт,  бауырым.
Асықпас алаш жиылып болғанда Нұржан өлең жолдарын жосылып жөнелді. Төлегеннің « Бір тойымы » мынау еңселі, салтанатты залда саңқылдай естіліп, елітіп кетті.
Жаңғыртып жар-жар...жанды алды.
- Атамыз күйеу болған, анамыз келін болған қазақпыз. Ортаға келін, келсін.
Асықпай найқала басқан келіннің сұлбасы Нұржанға таныстай көрінді. Беташарға керек тізімді бір қарап шыққан тамада домбырасын құтырта соғып, асқақ әнмен... ескі жолмен тартты.
Ал ағайын, қазақтың қасиетті қара домбырасымен ақ келіннің, пәк келіннің бетін ашамын. Домбыра
сағағы жайлап келіннің бетін аша берді.
Нұржанның алдында Сәніш тұр еді. Иә, иә жаз бойы бірге жүрген, қызық уақпен уаз кешкен, өзі бизнесменмін деп танысқан Сәніші.
Таныс көз таныс ерін, таныс кеуде. Сәніш сұр қабақпен жиреніп қарап тұр екен. « Бірақ аяғым ауыр » деген жоқ еді ғой...
Сәніш бұған дейін тұрмыста болды емес пе...
Той жақсы өтті. Басқа елді қайдам Асан қатты риза болды. Той соңында мас боп қалды...
Рахмет бауырым, жігітсің, үйге кел.
Мен өзіңдей бауыр таптым дегенді...қайталап айта берді...
Айта берді...
Айта берді...

Пікірлер