ҚАРАШАЙ-БАЛҚАРЛАРДЫҢ ЭТНОС КҮНІ ӨТТІ

3882
Adyrna.kz Telegram

Тараз қаласының Достық үйінде «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты «Бірлік» қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен этнос күні өтті, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ  баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Тамыздың 22 күні өткен іс-шараны Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанындағы облыстық «Бірлік» қарашай-балкарлар Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. Жамбыл  облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы  Рано Махсудқызының айтуынша, елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Қазақстан – барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел. Өңірлік «Бірлік» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігін бүгінгі этнос күндерімен құттықтай отырып, олардың өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіреміз. Қарашай-балқарлар қауымдастығына деген ықыласымыз шексіз. Ұйымның талапты, өнерлі жастарына өсіп-өркендеу тілейміз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, еліміз 140 этнос пен 19 конфессия өкілдерінің туған шаңырағына айналды. Азаматтық  татулық пен ұлтаралық келісім біздің басты құндылығымыз, – деді Рано Махсудқызы.

«Бірлік» этномәдени бірлестігінің басшысы Леля Ахмадқызы жастарды үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеу өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ата-бабалар рухына тағзым ету, басқа да этникалық ерекшеліктерге қатысты дәстүрлерді сақтауға  тоқталды.

 – Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқы бізге өте жылы көрінеді. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Саны аз болғанымен, қарашай-балқар жұрты мәдени орталықтары арқылы өзінің ұлттық болмысы мен салт-дәстүрін, ұлт ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық. Бүгінде осы Ассамблеяның арқасында тағдыры тоғысқан этнос өкілдері ауызбіршілігін сақтап, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Алдағы уақытта да бірлігімізді көрсетіп, толайым тірліктер атқара берейік, – деді ол.

Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына аянбай өз үлестерін қосып жүрген «Бірлік» қарашай-балқарлар бірлестігінің Аналар кеңесінің мүшелері мен шығармашылық жастарына алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етілді.

"Адырна" 

ұлттық порталы

Пікірлер