Пернетақтаның патшасы

2039
Adyrna.kz Telegram

Баянауылдан шыққан тұңғыш IT маманы, техникалық ғылымдар PhD докторы, «Қазақстанның қаржылық дамуына қосқан үлесі үшін» медалінің иегері – ақпарат саласының оза шапқан арғымағы Ербол Омаровпен Баянауыл басында өткен аса маңызды шарада танысқанмын.

Білуімше, Ертіс-Баян өңірінде дүбірлеп өтіп жатқан маңызды шараға себепші болған «Олжабай батыр» кітабының мың данасын Алматыдан осы жігіт жеткізіп беріпті. Сырт көзге сөзге сараң көрінген жерлесіммен артынша көлік ішінде шүйіркелесудің сәті түсіп, тағы бір қырын байқап қалдым. Бейнеқоңырау арқылы отбасымен ерекше ілтипатпен әңгімелесті. Алдыңғы орындықта отырған Бағдат досымыз: «Отбасымен телефон арқылы сөйлесуінің өзі – әдемі сыйластық үлгісі!» - деп қалды. Бала-шағасымен телефонмен кім сөйлеспей жатыр дейсіз, бірақ осы бір қарым-қатынастың өзінше өнегелі екенін аңғармай қалу мүмкін емес-ті. Қаталдық пен немқұрайдылық жайлаған мына қоғамда мұндай жылылық көненің затындай сиреп кетті емес пе.

Әңгіме арасында Бағдат Дүйсенов Ерболды жақынырақ таныстырды, таныстырғанда да: «Бұл – Баянауылдан шыққан тұңғыш IT маманы!» - деп нақыштады. Иә, дәуір бәсін аспандатып тұрған ақпарат саласының маманы деген бүгінде аса таңсық болмағанымен, «тұңғыш» деген сөзге еріксіз мән бердім. Ақбеттау бауырында туып, Алматыда ақпарат асқарларын бағындырып жүрген азаматтың өмір жолына үңілдім.

Біздің кейіпкеріміздің бүгінде пернетақтаның патшасына айналған саусақтарының ізі тек компьютерлерде қалған деп ойламаңыз. Олар алдымен Павлодардың трактор зауытында, Жаңатілек ауылының машина-көлік шеберханасында қара майға боялған. Одан соң иесінің оң самайында сап түзеп, Отан алдында ант беру рәсімін жасаған. Осы анттың қасиеті ме екен, кім білген, әскердегі бозбала алғаш рет осы жерде компьютермен табысты. 1994 жылы Баянауыл аудандық байланыс торабында электр монтері болып еңбек етіп, сол жылы кооператив колледжіне оқуға түсті.

1995 жылы Баянауыл ауданында аудан әкімшілігі, салық мекемесі, банктер компьютерді кеңінен қолдана бастады. Осы тұста Ербол замандасымыздың білім-білігі сұранысқа ие болды. Сол жылы «Халық банк» АҚ-ның аудандық филиалына қабылданып, ревизор және бағдарламашы болып 4 жыл тер төкті.

1999 жылы Ақсу қаласына банктің бағдарламалық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі қызметіне, 2001 жылы «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының операциялық қызмет секторы меңгерушісі қызметіне ауысты, 2002 жылы бастап ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы болды.

2008 жылы «Қазпошта» АҚ ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары лауазымына қабылданып, бір жылдан соң директор болды, 2009 жылы ақпараттық технологиялар департаментіне директор болып тағайындалды.

2014 жыл Ербол Ақбетұлының жаңа белеске өрлеу кезеңі болды, ол «Отбасы банк» АҚ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры болып тағайындалды. 2018 жылы МВА – бизнесті іскерлік әкімшілендіру курсын бітіріп, экономиканы цифрландыру тақырыбына докторлық диссертациясын жазуға кірісті.

-        Банк қызметінің заманауи дамуы – мемлекет пен бизнестің, IT саласының сапалы синергиясының нәтижесі, бұл салада Бағдат Мусиннің үлесі шексіз. Оның Қазақстанда цифорландыру саласын өрге бастыруға күш салуы арқасында бүгінде мемлекет көрсететін қызметтер мен банк сервисіне қолжетімділік сапасы жоғары деңгейде. Мемлекеттік қызметтердің жетілуі «Отбасы банкке» де серпін берді. Банктің IT-командасының жемісті еңбегі нәтижесінде 2022 жылы «Отбасыбанктің» 70 мемлекеттік қызметті қолдануға қол жеткізуі оның жұмыс қарқыны мен жеделдігін арттырды, - дейді Ербол Ақбетұлы.

Сандарды сөйлетсек, 2022 жылдың өзінде-ақ «Отбасы банк» клиенттерінің 40 пайызы банк қызметін онлайн түрде пайдаланған. Дәл осы жылы «Отбасы банк» видеобанкі ТМД елдері колл-орталықтарының арасында өткен «Технологиялар үздігі» байқауында «Хрустальная гарнитура» аталымын жеңіп алды. Бұл жеңіс Ербол және онымен әріптес азаматтардың ерен еңбегінің бір көрсеткіші екені сөзсіз. Жалпы, видеобанк жұмысын «Отбасы банк» ІТ-командасы пандемия кезінде, адамдардың қарым-қатынасы шектеулі кезеңде қолға алған. Ал қазір бұл қызмет тіпті сурдобанкинг қызметімен толықтырылды. Яғни, есту-сөйлеу қабілетінен айырылған адамдар да банк қызметін басқа адамның көмегінсіз емін-еркін қолдана алады.

2024 жылы диссертациясын сәтті қорғаған Ербол Омаров техникалық ғылымдар PhD докторы атанды. Сонымен бірге, ол биылдан бастап «Нұрбанк» АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры қызметіне кірісті.

Енді әңгіме ауанын Ербол Омаровтың туған жері мен өскен ортасына бұрсақ. Ербол – Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылының тумасы, атақты Жаяу Мұсаны дүниеге әкелген киелі топырақтың өрені. Осы ауылдағы Бақыт Хайдаров атындағы орта мектеп түлегінің Ұлы Отан соғысында үш мәрте «Даңқ» орденін алып, даңққа бөленген батырдың елінде туып, ақпарат батыры болмауға хақы да болмаған шығар.

Ербол ата-әжесі Қосман мен Айтжамалдың тұңғыш әрі ерке немересі болып ер жетті. Қосман ата соғыстан аман-есен оралып, Баянауыл ауданының тұңғыш шофёры болды, одан кейін ұзақ жылдар Қамбар ата түлегін баптаумен шұғылданды. Әжесі Айтжамал болса жүзінен күн шуағы төгілген мейірімді аналардың бірі еді.

Әкесі Ақбет 31 жасында сырқаттан көз жұмғанда, Ербол бес-ақ жаста болатын. Анасы Шәмкен (Шолпан) саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, медбике болып еңбек етті. Ол кездің медбикелері бір-бір дәрігерден кем түспейтін еді ғой, Шәмкен апа да ауыл тұрғындарының амандық-саулығы жолында қалтқысыз еңбек етіп, абыройға бөленді.

Өмірбаянына үңілсең, Ерболдың өмір бойы білім мен ізденісті серік еткенін, бүгінгі биігіне қызметтің ең төменгі сатылары арқылы жеткенін, тәжірибені тірнектеп жинағанын аңғарасың. «Инемен құдық қазғанның» дәп өзі ме дерсің. Ол 1998 жылы Қарағанды экономикалық университетін, 2012 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің экономикадағы ақпараттық жүйелер факультетін, 2018 жылы Алматы менеджмент университетін бітіріп, 2018-2023 жылдары Болгарияның Черноризец Храбр атындағы университетінің докторантурасында білім алды. Сонымен қатар, ол үнемі шетелдерге тәжірибе алмасу сапарларына жиі шығады.

-        Бүгінгі күні әлемдік ІТ-технологиялардың көш басында тұрған Dell Technologies компаниясының негізін 1984 жылы Майкл Делл қалаған. Мен осы компанияның Нью-Йорктегі кеңсесінде болып, маркетинг жөніндегі директорымен кездестім. Бұл компания Google компаниясының мәліметтерді өңдеу орталықтарына технологиялық жабдықтар жеткізуші болып табылады. Біз компанияның қазақстандық өкілдерімен банктің мәліметтерді өңдеу орталығының ағымдағы жағдайына талдау жүргізу шеңберінде әріптестік қатынас орнаттық, - дейді кейіпкеріміз.

... «Пұл таппайтын еркек жоқ - құрарын айт, ұл таппайтын әйел жоқ - тұрарын айт» демекші, кез келген ер адамның жетістігінің астарында әйел затының үлесі тұрмай ма. Ерболдың жеткен биігінің бір себебі жар таңдауда жолы болуында жатса керек. 1998 жылы ол Күркелі топырағының тумасы – Әсем Кәрімовамен отау құрды. Әсем де қаржы саласының қызметкері. Қаржыгерлер отбасының үлкені – Мәдина Қытайда білім алған, қазір «Бәйтерек» АҚ-да  еңбек етеді. Ұлдары Ермұхамет әке жолын қуып, Сингапур елінде ақпараттық технологияларды меңгеруде.

Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін оқымаған қазақ жоқ, сірә. Бала күнімізде өлең шумақтарының мәнін толық түсіне алдық па, жоқ па...

«Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды» демей ме ақын. Ербол туралы сөз қозғағанда осы шумақтар ойға оралды. Иә, Ыбырай атамыз аңсаған күнге Ерболдай ерендердің білімі мен өнері арқасында жетіп отырмыз емес пе. ІТ майталмандары жер бетінен бір нәрсені жоя отырып, екінші бір құндылықты сыйлайды. Жоятыны – жемқорлық пен бармақ басты, көз қыстылық, сыйлайтыны – алтын уақыт. Ал уақыт дегеніміз адамның ғұмырындағы ең бағалы құндылық емес пе!

Жанаргүл Қадырова,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

Пікірлер