Түркістан шенеуніктері 1 принтерді 9 млн теңгеден сатып алмақ болған

4594
Adyrna.kz Telegram
Фото: cnews.ru
Фото: cnews.ru
Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 103 млн теңге үнемделген. Бұл туралы өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде өткен баспасөз жиынында айтылды, деп хабарлайды “Адырна”.
Брифингте департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталының ақпаратын талдау арқылы мемлекет қаражатын тиімсіз мақсатта жұмсауға ниеттенген мекемелерді атап өтті.

Айтуынша, Сауран аудандық ішкі саясат бөлімі принтердің 5 данасын 44 642 855 теңгеге сатып алуды жоспарлаған.

«Яғни бір принтердің құны 8 928 571 теңге болған. Ал, Түркістан облыстық әкімдігінің басқармасы әжетхана тазалағыш құралының 150 данасын 7 657 950 теңгеге алмақ болған. Бұдан бөлек, Ордабасы аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі инспекциясының «Темирлан благоустройство» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бір аялдаманы салу үшін 17 857 140 теңге жұмсауды көздеген. Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны 493 тонна жаздық дизель отынының 1 литрін – 276 теңгеге (жаздық дизель отыны литріне – 230 теңге) бағалаған. Дизель отынын жалпы 25 470 395 теңгеге сатып алуды жоспарлаған»,- дейді Нұрдәулет Сәмет.

Кейін департамент тарапынан жолданған ұсыныс хаттардан кейін асыра жоспарланған баға қайта қаралған.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде мемлекеттік сатып алу жүйесіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 522 039 999 теңге үнемделген еді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер