Жолдау аясындағы ойтолғам

865
Adyrna.kz Telegram

 "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын орнықтыруды көздейтін  Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған тұжырымдары алақандағыдай – анық, бес саусақтай – белгілі  жұрттың көкейіндегі өзекті мәселелер екені айна қатесіз ақиқат.        

   Жақсыдан – шарапат

 «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» деген тұжырым  бүгінгі заманның игі дәстүріне айналу үшін бұл идеяны дәріптеп,  қоғамдық санаға сіңіруге қызмет ету – заман талабы. Арманына адал, уәдесіне берік, кәсібіне шын берілген, ел үшін аянбай қызмет етіп, бақытқа бөленген жандардың өмірі мен еңбек жолын насихаттайтын  портреттік очерктер мен  ұлт мүддесі  үшін тер төккен  еңбек ендігіндегі ең ізгі ұжымдардың  ұланғайыр істерін баяндап, шежіресінен сыр шертетін деректі фильмдер топтамасы түсірілуі керек. Сонда өскелең ұрпақ алдыңғы толқынның тарихынан тәлім алып, өз елінің қаһармандарын танып өнеге тұтатын болады.

Сақтықта қорлық жоқ

      «Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Қазіргі заманда біз кез-келген қатерге дайын болуымыз қажет. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен, орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек» деген тұжырым  қалың бұқараның, бүтін бір мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, табиғаттың тосын күшіне төтеп бере алатындай сақтық шараларын ұйымдастырып, алапат оқиғалардың алды алуға қауқарлы болу қажет екенін  үстіміздегі жыл аясындағы жер сілкінісі мен су тасқыны жетемізге жеткізді. Әсіресе, ғылым мен білімнің ордасы, армандарды жүзеге асыратын арена, махаббат пен жастықтың мекені  - аяулы Алматы жұртшылығы әлі күнге үрей үстінде.  Бұл ретте, шын мәнінде Алматы қаласының билік өкілдері  болған оқиғалардан сабақ алып, алдын-ала тұрғындардың қауіпсіздігін  қамтамасыз ететін ғимараттар дайындалып, су қоймалары мен су бұғаттары жөндеуден өткізілуі керек. Бұл – бір менің ғана емес, барша Алматылықтардың тілегі.

Жидегүл Әбдіжәділқызы  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 

Пікірлер