ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ЕҢ КӨП ҚАРЖЫ АЛДЫ

5554
Adyrna.kz Telegram

Биыл Жамбыл облысы «Еңбек» бағдарламасы бойынша еліміз бойынша ең көп қаржы алды. Бұл туралы "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Жамбыл облысы филиалының Несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев мәлімдеді, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы.

Бауыржан Ермекұлының айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бойынша өткен жылы 2 766 612 000 теңге бөлінген. Аталған қаржы 100 пайыз игеріліп, 703 адам өз кәсібін бастады.

– Ал биыл еліміз бойынша ең көп қаржы, яғни, 3 266 612 000 тенге Жамбыл облысына тиесілі болып отыр. Мәселен, халқы тығыз орналасқан Түркістан облысы 3 млдр 49 миллион теңгемен бізден кейін екінші орында тұр. Қазан айында облысымызға бөлінген қаржыға қосымша тағы да 2 млрд. теңге бөлінеді. Сонда осы жылы Жамбыл облысына республикалық бюджеттен 5 266 612 000 теңге бұйырайын отыр. Бұдан бөлек, жылдың басында облыстық бюджеттен 867 млн. 500 мың теңге бөлініп, оны шаруаларға үлестірген болатынбыз. Негізі жұрттың басым бөлігі «Игілік» бағдарламасы арқылы 4 млн теңгеге дейін қаржы алып, мал санын көбейтуде. Биыл аталған бағдарлама аясында 469 азамат жалпы құны 1 млрд. 600 млн. 725 мың теңгенің несиесін алды. «Кәсіпкерлік» бағдарламасы ауыл шаруашылығына жатпайтын СТО, наубайхана, шаштараз секілді кәсіпті бастаған азаматтарға беріледі.  Атап айтсам, 24 миллион теңгеге 7 адам өз кәсібін ашты.  Сондай-ақ, жылдың басында «Егінжай» бағдарламасы арқылы 2 адам қаржы алғанын айтып өткен жөн. Ал облыс әкімдігінің бюджеті арқылы бөлінген  867 млн. 500 мың теңге өз кәсібін ашамын деген 221 адамға берілді, – дейді ол.

Бөлім басшысы жыл басынан бері 484 адамға 1 732 695 000 теңгенің несиесі берілгенін айтты. Сондай-ақ жалпы құны 290 861 000 теңгені құрайтын 82 қарыз алушылардың несие өтінімдері мақұлданған. Бұдан бөлек, ол  «Сыбаға» бағдарламасы арқылы сиыр мен қой алуға болатынын ескертті. Аталған бағдарлама бойынша сиырға 70 млн. теңге, ал қойға 12 млн. теңгеге дейін қаржы қарастырылған.

– Негізгі талап етті бағыттағы сиырды міндетті түрде шет елден алу керек әрі оның бұзауын сатуға рұқсат етіледі. Бұл бағдарламаның игілін жайылым жері бар, бір сөзбен айтқанда аяқтан тұрған шаруалар ғана көре алады. Әйтсе де, шаруа қожалықтары шет елдің сиыры оңтүстіктің ауа райына шыдамайды деп, белсенді болмай отыр. Ал Қырғызсттанның сиырын алуға тиым салынған. Қазіргі таңда бізге шет елден 497 бас сиыр әкелемін деп 5 шаруа қожалығы өтініш тастады. Оның төртеуінің өтініші (397 сиыр) қанағаттандырылса, бір азаматтың (100 сиыр) мәселесі қарастырылып жатыр. Ал қой шаруашылығын дамытамын деген азаматтарға жергілікті қойларды алуға рұқсат бар. Сондықтан да «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 15 666 бас қой сатып алуға 51 шаруашылық өтініш білдірсе, оның 38-інің (11 650 қой) мәселесі шешілді. Сондай-ақ, 5 шаруа қожалығының өтініші (1 551 қой) мақұлданып, бір азаматтың үйінің құжаттары дұрыс болмағандықтан өз өтінішін қайтарып алды. Ал қалған 7 шаруа қожалықтың өтініші қарастырылып жатыр, – дейді ол.

Шаруа қожылықтар шет елге ет экспорттаушы «Мерке ет» және «Оңтүстік халал тағамдары» компанияларымен келісім-шартқа отырып, өз өнімдерін сатады. Яғни, кәсіпкерлер малын базарға шығарғаннан қарағанда аталған компанияға өнімін өткізгенді тиімді деп есептейді.

Бауыржан Тәжібаевтің сөзіне сенсек, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан" несие алып, өз кәсібіңді бастау оңай секілді. Алайда көпшілік насихат жұмыстары төмен болған соң ба, әйтеуір ауыл шаруашылығына қатысты жаңалыққа сеніңкіремейді. Сондықтан да көпшіліктің көкейінде "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан" қалай несие алуға болады?» деген сұрақ тұруы мүмкін.

– Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев және ауыл шаруашылық басқарамасының басшысы Берік Нығымашевпен бірге ауданнан бастап әр ауылды аралап шықтық. Сондықтан да насихат жұмыстары төмен деген пікіріңізбен келіспеймін. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша қаржы алғысы келетін азаматтар ең біріншіден жұмыссыз ретінде тіркеліп және зейнеткер болмауы керек. Бұдан кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес бастауда» оқып, сертификат алу қажет. Сондай-ақ несие алатын адам кез келген үйді кепілдікке қоя алады. Біздің екінші деңгейлі банктен артықшылығымыз үйдің орналасқан жері мен қай жылы салынғаны және сапасына назар аудармаймыз. Әйтсе де, кепілдікке қоятын үйдің құжаттары мен қора-жайы дұрыс емес болса немесе несие тарихында мәселе туындаса, қаржы берілмейді, – дейді ол.

Бөлім басшысы облысымыздағы аудандардың ішінде Байзақ, Жуалы және Жамбыл аудандары белсенді екенін айтады. Ал Тараз, Жаңатас, һәм Қаратау қалаларының тұрғындары аталған қордан қаржы ала алмайды.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Пікірлер