Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Ел қоржынында 25 медаль бар

902
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші жарыс күнін 14 алтын, 3 күміс, 8 қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Атап айтсақ, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен қазақ күресінен финалдық кезеңде қазақстандық сегіз балуан күресіп, бәрі де алтын медаль еншіледі.

Жамбы ату спортының Азия стилінен жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Жарыс нәтижесі бойынша Батыр Бексауыт алтын жүлдеге ие болды. Күміс медальді Айтбек Сарыбай еншілесе, қола жүлдені Ералхан Айкөз иеленді.

Қазақстандық спортшылар аударыспақтан үш салмақ дәрежесінде де алтын медаль алды. 60 келіде Ермек Құралбай, 70 келіде Алмат Ләтіпбек, 80 келіде Дарын Өткелбай жеңімпаз атанды.

Ал садақшыларымыз «Пута» нысанасында 3 медальды қанжығаларына байлады.Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола медаль иеленсе, Жәнібек Құлмырзаев алтын медаль алды.

Кураштан қазақстандық 6 спортшы жүлдеге ие болды. 87 келі салмақта Альбина Бахиева алтын жүлде алса, 79 келі салмақта Ажар Салықова мен +100 келіде Марат Байкамуров күміс жүлдені еншіледі. 81 келі салмақта Ерзат Арғынов, 81 келі салмақта Бекәділ Шаймерденов пен 87 келі салмақта Ұлболсын Адилова қола жүлде алды.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келі салмақта Бірімжан Асылмұрат пен әйелдер арасында 55 келі салмақта Тахмина Қожамбердиева қолда жүлде иеленді.

«Қазанат» ипподромында өткен көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Өзбекстанды 16-0 есебімен жеңді. Ал көкбөріден ұлттық құрама спортшылары АҚШ командасымен кездесіп, 18-0 есебімен алға шықты.

Айта кетейік, 13 қыркүйекке дейін жалғасатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 261 спортшы қорғайды. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Пікірлер