«Профессорлар өздерін алдымен зерттеуші, сосын ғана оқытушы ретінде есептейді»

1605
Adyrna.kz Telegram

АҚШ университетінде жұмыс істеген қазақ ғалымы қазақстандық зерттеушілердің мүмкіндігін салыстырып, өз көрген-білгендерімен ой бөлісті.  

Бауыржан Едігенов — АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Джорджия мемлекеттік университетінде білім алған қазақстандық ғалым. Бірнеше жыл бойы шетелде жұмыс істеген экономист «Адырна» тілшісіне сұқбат беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

- 2008 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетті бакалавр дәрежесімен тәмандаған болатынмын. Кейін Эдмунд Маски стипендиясын ұтып алдым. Осылайша АҚШ-тың Атланта қаласында орналасқан Джорджия мемлекеттік университетінде білімімді әрі қарай жалғастырдым. Бұл жоғары оқу орнынан магистр, PhD доктор ғылыми дәрежелерін алып шықтым. Менің таңдауым экономика саласына түсті. Ол күнделікті микро деңгейде де, мемлекеттік макро деңгейде де оптимизация, яғни шектеулі ресурстарды мүмкіндігінше нәтижелі түрде жарату керектігін үйретіп, зерттейді. Қазақстанда бұл гуманитарлық сала деп саналса, Америка сынды дамыған елдерде анализ жасап, талқылау үшін пайдаланады. Қазіргі таңда экономистер университетте зерттеуден басқа, Дүниежүзілік банк сынды халықаралық мекемелерде кедейлікті жою үшін жұмыс істейді. Одан бөлек, Amazon, Google компанияларында бизнес оптимизациясымен, ал CDC мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында эпидемиялық өлімдерді азайтумен айналысады. Былайша айтқанда, бұл мамандық сұранысқа ие, - дейді маман.

Ол 2017 жылы Джорджия мемлекеттік университетіне ғылыми қызметкер ретінде қабылданған.

- Докторантураны бітірген соң жоғары оқу орнында ресми түрде жұмыс істей бастадым. Десе де, 2010 жылы магистратурада оқып жүргенімде зерттеуші-ассистент ретінде түрлі жобалармен айналысқан едім. PhD кезінде аға зерттеуші болып, дүниежүзілік жобаларға эксперт ретінде қатыстым. Кейін бұндай жобаларға өзім де ұсыныс тапсырып, жұмыстың бір бөлігін басқарып жүрдім. Осы аралықта зерттеу орталығында фискалды децентрализация тақырыбындағы тренингтерді де ұйымдастырдым. Ал пандемия басталғанда онлайн нұсқасын дамытып, координациясын жасадым. Сондай-ақ Дүниежүзілік банкте әсерді бағалау кеңесшісі ретінде жұмыс атқарып, Қазақстандағы жастарға арналған Zhas Project жобасында ең ірі рандомизацияланған бақыланатын сынақ экспериментін үйлестірдім, - дейді ол.

Бауыржан Едігенов АҚШ-тың білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерді атап өтті.

- Америкадағы білім беру жүйесінде зерттеуге аса көп назар бөлініп, біраз қаражат жаратылады. Ол жақта профессорлар өздерін, ең алдымен, зерттеуші, сосын ғана оқытушы ретінде есептейді. Қаржы тек үкіметтен емес, жекеменшік ұйымдардан да бөлінетінін атап өткен жоқ. Оқу орындарының көпшілігі автономдық түрде жұмыс істейтіндіктен, қай салада дамитындарын өздері таңдайды. Гарвард секілді университеттерде әртүрлі салада дамуға қаражат та, мүмкіндік те жетерлік. Ал кейбір білім беру ордалары белгілі бір бағытта ғана үздік болуға акцент қойып, соған күш жұмсайды. Мысалы, Джорджия мемлекеттік университеті мемлекеттік қаржы және бюджеттеу саласында АҚШ бойынша 5-орында тұр. Яғни, рейтинг бойынша Гарвард (17) пен Чикаго (12) университеттерінен жоғары көрсеткіш көрсетеді, - дейді экономист.

Қазіргі таңда SDU университетінде ассистент-профессор қызметін атқаратын маман ел билігінің ғылымның дамуы үшін жасап жатқан жұмысына оң баға берді.

- Қазақстанға оралғаныма әлі бір жыл да болған жоқ.  Десе де, Үкімет ғылым мен білімді дамытуда біраз жұмыс атқарып жатыр деп айта аламын. Бұл салада жұмыс істеп жүргендердің ынтасы жоғары. Мәселен, әр жыл сайын жүздеген жобаға 90 миллион теңгеге дейін зерттеу гранты беріледі. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, биыл елімізде фискалды децентрализация және жергілікті басқару реформасын зерттеу үшін 83 миллион теңге көлемінде үш жылдық грант ұтып алдық. АҚШ-та, әрине, бұдан да көп қаражат бөлінеді. Алайда мұндай гранттар кейбір дамыған мемлекеттерде берілмейді. Зерттеу саласын дамытуда алға шығу үшін әлі көп жұмыс атқару керек. Бірақ бүгінгі технология заманында Қазақстан зерттеушілерінде де мүмкіндік көп. Әсіресе, экономика сияқты салаларда өзімізді дамытуға ешқандай шектеу жоқ. Сол себепті қаражат күтпей, өз күшімізбен де ғылымды дамытуға тырысуымыз тиіс, - деп пікір білдірді ғалым.

Экономистің пікірінше, ғылыми зерттеу саласын дамытуда ағылшын тілі елеулі рөл атқарады.

- Шет тіліндегі ғылыми еңбектерді қазақшалап, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында тарату керек. Десе, де зерттеу саласын дамыту үшін ағылшынша үйрену қажет деп ойлаймын. Негізгі оқу кітаптарын аударып, он жылдай пайдалануға болады. Ал әр жыл сайын шығатын ең сапалы мыңдаған зерттеу мақаласын бірден ағылшын тілінен аударып отыру мүмкін емес. Сол үшін де халықаралық тілді үйренуге көңіл бөлу керек, - дейді ол.

 Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер