Ақтөбеліктер ит-мысық “аулауға” 29 млн емес, 80 млн теңге жұмсайтын болып шықты

1195
Adyrna.kz Telegram

“Адырна” ұлттық порталында “Ақтөбеліктер қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 29 миллион теңге жұмсамақ” деген тақырыппен мақала жариялаған болатын. Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы бұл деректі жоққа шығарып, қала аумағындағы ит-мысықтарды аулау үшін биыл бюджеттен 29 миллион теңге емес, 80 миллион теңге бөлінгенін “мәлімдеді”, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

“Ақтөбеліктер қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 29 миллион теңге жұмсамақ” атты мақалада біз мемлекеттік бюджеттен бөлінген 29 миллионнан аса қаржыға тендер жеңімпазы 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарынан кемінде қараусыз қалған қаңғыбас 8 000 ит пен 5 000 мысықты аулап, уақытша ұстау пункіне жеткізуі тиіс екенін, бір қаңғыбас үй жануарын ұстау шамамен 2230 теңгені құрайтынын, жаңа жылға дейінгі бар болғаны бес ай уақытта Ақтөбе қаласының Алматы мен Астана атты екі-ақ ауданынан 8 000 ит, 5 000 мысықты аулаудың мүмкін еместігін жазғанбыз. Ақтөбе облысының ветеринария басқармасына көкейдегі сұрақтарды қойып, ресми хат та жолдағанбыз.

Ол ресми хатқа төмендегідей жауап келіпті (хат мәтінінің бір әрпін де өзгертпей назарларыңызға ұсынамыз). Хатта:

“2024 жылға Ақтөбе қаласы бойынша қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерильдеу жұмыстарына 65 368 378 теңге қаржы бөлінді. (Оның ішінде аулау жұмысына 36 362 768 теңге, күтіп бағуға 23 160 960 теңге, бірдейлендіруге 1 752 400 теңге, стерилизациялау жұмыстарына 4 092 250 теңге). Жоспарға сәйкес 10 050 қаңғыбас ит және 350 қаңғыбас мысықтарды аулау қарастырылған, алайда 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында түскен арыз шағымдармен су тасқыны жағдайларына байланысты қаңғыбас жануарларды аулауға арналған жылдық жоспар орындалды. Жылдық жоспардың орындалуына байланысты, Ақтөбе қаласының «Астана» және «Алматы» аудандары әкімдерінің сұраныс хаттарына сәйкес 2024 жылдың екінші жарты жылдығына 8000 бас қаңғыбас ит және 500 бас қаңғыбас мысықты аулауға 29 719 570 теңге қарастырылды” делінген.

Ресми хатта көрсетілгендей Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы Ақтөбе қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін 2024 жылға арнап 65 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, ол қаржыны алғашқы жарты жылдықта игеріп тастаған. 65 362 768 теңгеге 10 050 ит пен 3500 (неге екені белгісіз басқарма ресми хатта 350 мысық деп көрсеткен) мысықты аулап, қолдарынан келгенінше жабайы жануарлардың барлық жағдайын жасаған. Артынша ақылдасып алғандай 1-2 шілде күндері Ақтөбедегі “Астана” мен “Алматы” аудандарының әкімдіктері облыстық ветеринария басқармасына су тасқынына байланысты аудандардың аумағында қаңғыбас үй жануарларының көбейіп кеткені туралы хат жазып, басқарма арада оншақты күн өтпей жатып 29 миллион теңгеге тендер жариялаған.

Ол тендерді “Актобе Феникс 2030" ЖШС компаниясы 13 миллион теңгеге арзандатып, жарты бағасына, бар болғаны 15 миллион теңгеге ұтып алыпты. Енді, аталған компания 15 миллион теңгеге 8 000 бас қаңғыбас ит, 5 000 бас мысық аулайды.

Осы жерде мына бір логикалық қарама-қайшылыққа қараңызшы. Ресми хатта Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы Ақтөбе қаласы аумағындағы қаңғыбас ит-мысықтардың жағдайына арнап бір жылға бөлген 65 362 768 теңгенің 36 362 768 теңгесі 10 050 ит, 3 500 мысық (жалпы саны 13 550) аулауға жұмсалғаны анық көрсетіліп тұр. Ал, біз осы мәселені көтергеннен кейін тендерді ұтып алған “Актобе Феникс 2030” компаниясы 15 000 000 теңгеге 8 000 ит, 5 000 мысық (13 000) ауламақ. Яғни, ветеринария басқармасы алғашқы жарты жылдықта 36 миллион теңгеден астам қаржыға 13 550 ит-мысық ауласа, қалған жарты жылда ішінде 15 миллион теңгеге 13 000 ит-мысық ауламақ. Яғни, 13 000 бас ит мысықты 15 миллион теңгеге аулау мүмкін болса, басқарма алғашқы жарты жылдықта дәл осындай ауқымдағы жұмысқа неге 36 миллион теңгеден астам қаржы шығындаған?

Облыстық ветеринария басқармасы бір жылға арналған 65 362 768 теңгені алғашқы жарты жылдықта игеріп тастап, бюджеттен тағы 15 миллион теңге бөлгізіп, жалпы сомасы 80 362 768 теңгеге бір жыл ішінде 26 550 жабайы ит-мысық аулап, үй жануарларының жағдайын жасап отыр дегенге халықты былай қойып, ветеринария басқармасының өзі сене ме екен? Халық саны 500 мыңға жетпейтін қалада 26 550 қаңғыбас ит-мысық болуы (қанша су тасқыны болса да) мүмкін бе?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге және жолдадық. Олардан жеткен жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

 

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер