Ақтөбеліктер қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 29 миллион теңге жұмсамақ

1440
Adyrna.kz Telegram
Сурет: radiostar5.ru
Сурет: radiostar5.ru

"Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы" жабайы ит-мысықтарды аулау мақсатында "Жабайы жануарларды аулау бойынша қызметтер" атты тендер жариялады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Тендерге өтінімдерді қабылдау 17 шілде күні басталып, жеңімпаз 27 шілде күні анықталады. Техникалық сипаттамада мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырушы 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарынан кемінде қараусыз қалған қаңғыбас 8 000 ит пен 5 000 мысықты аулап, уақытша ұстау пункіне жеткізуі тиіс екені жазылған. Яғни, бір қаңғыбас үй жануарын ұстау шамамен 2230 теңгені құрайды.

Жаңа жылға дейін бар болғаны бес ай уақыт қалды. Мемлекеттік тапсырысты орындаушылар бар болғаны бес ай ішінде Ақтөбе қаласының Алматы мен Астана атты екі-ақ ауданынан 8 000 ит, 5 000 мысықты табуы, ұстауы мүмкін бе? Ақтөбе қаласының екі-ақ ауданында 13 000 бас ит-мысық қаңғып жүрсе, Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы бұған дейін не қараған? Бес ай ішінде бүкіл Ақтөбе облысы аумағынан 13 000 бас ит-мысық аулауға болар, ал алақандай екі ауданнан 29 миллион теңгеге бағаланған тапсырысты орындау ақылға сыя ма? Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Жауабын қосымша жариялайтын боламыз.

Ақан Бірлік

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер