Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бір жарым жастағы бала денесін күйдіріп алған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Алматы ТВ-ға сілтеп.
Бөбекжай әкімшілігі істі жылы жауып қоймақ болған көрінеді.
Жаға ұстатарлық оқиға апта басында «У Петровы» жекеменшік балабақшасында болған.
Зардап шеккен баланың ата-анасы әуелі тәрбиеші бүлдіршіннің қолын жарақаттап, арада бір күн өткенде денесін күйдіргенін хабарлады. Денесінен зақым алған бүлдіршін әбден шошынып қалған.
«Басқа балалар зардап шекпесе екен деймін. Бәрі қыруар ақша төлеп беріп отыр. Баламды күйдіргенін айтпай, жедел жәрдем шақырмай, қорлады. Заң алдында жауап берсін! Қолын сындырды. Олар ақталып жатыр, ол қалай күйеді, ойлаңызшы?», – деді ата-ана Ақжан Нұрғазиева.
Ақ халаттылар бүлдіршінің денесінің 6 пайызы күйгенін айтады.
«1 жас 7 айлық баланы ата-анасы үйден алып келді. Бөксе және саны 1-2 дәрежелі күйік шалған. Науқас үйіне шығарылды. Жағдайы тұрақты. Ары қарай емін жалғастырып, жақпа май жағуы керек», – деді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Ержан Есболаев.
ПД қылмыстық іс «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.