Мешітте "охранник болып шаршадым" деген имам дін саласындағы жүйені айтты

1682
Adyrna.kz Telegram
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

Наиб имам мешітте қанша жалақы алып, қандай қызметтер атқарғанын айтып берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Stan.kz-ке сілтеп.

Шымкент, Тараз және Алматы облыстарында имам болған Қанат Талғатұлы мешіттің жүйесі туралы айтты.

"Әуелі, мешіттің жүйесін айтып өтейік. Мешітте жәшік болады. Елдің бәрі жұма намазға, Құрбан айт немесе басқа діни жоралғылар жасаған кезде жәшікке ақша тастап отырады. Сол тастаған ақшадан, ең бірінші, мешіттің су мен жарығына, жылу мен керек-жарақтарына өтеледі. Бұдан кейін ол жерде қанша қызметкер болса, марзымайтын 50-60 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Менің соңғы жұмыс істеген мешітімде айына 40 мың теңге шығатын. Бұл қаржы мешіттің ешнәрсесіне жетпейтін. Мысалы, 25 пен 30 мың теңгені жарыққа төлейтін едім. Қалған соманы халық шақыратын құдайы тамақ, жаназа секілді жерлерден алатынбыз. Осы нәрседен күн көрдік. Былайша айтқанда, жұмыс істедім, құдайы тамаққа бардым, қызмет еттім дегеннің өзінде 100 мың теңгеден аспайтын. Бұған күн көру мүмкін емес. Себебі бала-шаға өсіп келе жатыр, олардың балабақшасы бар. Пәтерақыны да төлеуге жетпейтін еді. Содан кейін амалсыздан имамдық қызметтен кетіп, қазір жиһаз саласында ұста болып жұмыс істеп жүрмін. Бұрын 100 мың теңге көлемінде айлық алсам, бүгінде 400 мың мен 500 мың теңге аралағында нәпақамызды тауып жатырмыз", – деп ағынан жарылды Қанат Талғатұлы.

Оның сөзінше, бұл саладағы той-жиын не өзге шараларға 30-40 жыл тәжірибесі бар, ел-жұрт танитындарды көбірек шақырып тұрады.

"Ешқандай танысы жоқ, жас маман болып келген имамдарды, әрине, шақырады. Алайда көп жағдайда тамырын тереңге жайған, 30-40 жылдық тәжірибесі бар мамандарды жиі шақырады. Мұндай имамдардың табысы да көбірек болады. 21 жасымда имамдық қызметке тағайындалып, 10 жылдай жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында халықтан мұндай сома беріңіз деп сұраған емеспіз. Кез келген адам шақырады. Түнде хабарласқанына қарамай барған кездер де болды. Кейбіреуі жоралғыларға ризашылық айтып беріп жатса, енді бірінде, тіпті, бермейтін. Оларға ешқандай сөз айта алмайсың. Өйткені сенің қызметің діни қызмет болғандықтан, ақы талап ете алмайсың", – деді бұрынғы имам.

Дін саласындағы маман жұрттың қанша беретінін айтты.

"Бір күні мың теңге, келесіде 2 мың теңге тапқан кездер бар. Бұдан қалды айлап, апталап ақша таппаған сәттерде әрең күнелтетінбіз. Әсіресе, карантинде және одан кейінгі уақытта табыс көзі азайып кетті. Жаназадағы "Хатым Құраннан" 5 000, 10 000, 15 000 теңге, әрі кетсе 20 000 теңгеден артық алған емеспін. Дем салуға 2 000 теңге беретін. 140 теңге бергендер бар. Мұндай кезде бақсы-балгерлер адамға 7 тасты оқытып, дем салдырып кел деп жібереді. Әркім өзінің шама-шарқына қарай ақша беретін", – деді Қанат Талғатұлы.

Қанат Талғатұлының айтуынша, барлық мешітте садақадан жиналатын жәшіктегі ақшаның 30%-ы мүфтиятқа (ҚМДБ) табысталады екен.

"Негізі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы барлық ақшаны жинап, елдегі барлық имамдарға айлық ретінде бөліп беруі керек. Мысалы, арнайы жұмыс киімі деген болады. Қазір жиһаз цехында жұмыс істегендіктен, бұл жерде маған арнайы форманы өздері берді. Тіпті, мүфтият киетін шапан мен сәлдені алып бермейтін. Біз мүфтиятқа жәшіктің 30%-ын өткізетінбіз. Оқуға шақырады... Имамдардың оқу курсы бар, оған да төлеп кіресің. Бұдан бөлек жұмыстан кетуіме ішкі күйзеліс, қақтығыстар себеп болды. Себебі сені үйде бала-шағаң қашан табыс алып келеді деп күтіп отырады. Мешітте "охранник" болып шаршадым. Тәулік бойына мешіттесің, бес уақыт намазды дәл сол мезетте күтіп, оқып отыруың керек. Көптің алдында уағыз айтып отыру ауырға соқты. Кейде таң намазына сағат 03:30-да барып, келесі күні түнгі 23:00-де үйге барған сәттер де болды. Мұндай кезде қатты қиналып кететінмін. Ал қалада оңайырақ. Мұнда 5-6 имам ауысып отырады", – деп қынжылды бұрынғы имам.

Пікірлер