ОҢҒАР ҚАБДЕН: Неліктен түркі елдерінің медаль жиынтығын санамасқа?!

2052
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстан бізден медаль жағынан озып кетті деп жанығып жатқандарды түсінбедім. Өмір болғасын бірде озады, бірде қалады. Біз бұл жетістікке баяғыда Сидней, Лондон кезінде жетіп қойғанбыз.

Өткенде Euronews арнасы Олимпиаданың медаль кестесін көрсетті. Сонда бір қызық нәрсе байқадым. Негізі Олимпиада кестесінде бірінші орынға Қытай мен АҚШ таласып келеді. Бірақ Евроньюз бірінші орынға Еуропалық одақ елдерін қойыпты. Яғни, бәрінің медалін қосқанда, тізімнің басына шыққан ғой.

Кеше ғана Өзбекстан Олимпиададағы сегізінші алтын медалін ұтып алды. Осы орайда, неліктен түркі елдерінің медаль жиынтығын санамасқа?! Бұл – түркілік тамырымызды біріктіруге үлес қосатын еді. Оның үстіне, өзара алауыздықты емес, ынтымақтастықты насихаттайды.

Бұл жалпылама жағы ғой. Париж олимпиадасынан мынандай жақсы үрдіс байқадым. Түркі елдері өзара жетістігіне қуанады. Күні кеше Елдос Сметов алтыннан алқа таққанда, бүкіл түркі қуанды. Сосын Әзербайжан балуаны жеңіс тұғырына көтерілгенде қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Алатаудың арғы бетіндегі ағайынымыз қырғыздарға жанкүйер болғандар қаншама?!

Түркияның мергені Олимпиада жұлдызына айналғанда, нысана көздеуден өзіміз күміс медаль алғандай қуандық. Міне, биыл өзбектер айды аспанға бір-ақ шығарып, 8 алтынды қоржынына басты.

Өкінішке қарай, Өзбекстанның жетістігін халықты бөліп, елге іріткі салуға пайдаланып жатқандар да бар секілді. Біз өзбектермен жарыспауымыз керек, олардың жетістігіне қуануымыз қажет. Өйткені бөлек мемлекет болсақ та, түбіміз бір түркілерміз.

Сосын Өзбекстан бізден озып кетті деген пікірді күн тәртібіне шығарғысы келетіндерді де байқадым. Көршіміз байып жатса, қуанайық. Бірақ шын мәнінде Өзбекстан экономикалық тұрғыда Қазақстаннан озды ма? Мынандай статистика бар. Екі елдің арасындағы өзара сауда 4,4 миллиард долларды құрайды. Соның 3,1 миллиард доллары біздің Өзбекстанға экспортымыз.

Ал Орталық Азия елдеріндегі 11 миллиард доллар өзара сауданың 8 миллиарды Қазақстанға тиесілі. Ішкі жалпы өнім, жан басына шаққандағы ішкі өнім туралы әңгіме айтпай-ақ қояйын. Мұның бәрі нені білдіреді? Әлбетте, Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін көрсетеді.

Сондықтан жоқтан өзгені сөз қылып, Өзбекстаннан қалып кеттік деген әңгімені қою керек. Рас, медаль кестесінде өз ағамыз алдымызда тұр. Бұл - өкінетін емес, қуанатын нәтиже. Себебі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан жетістікке жетіп жатса, бұл түркілердің жеңісі. Меніңше, Олимпиададағы түркі ағайындарымызға қуана білсек, бұл – қоғамның есейгенінің белгісі.

 

Оңғар Қабден

 

 

 

Пікірлер