"Мінезі бар адамдардан мемлекет жапа шекпейді" - Заитов Мәжіліс сайлауына қатысады (ВИДЕО)

5539
Adyrna.kz Telegram

Белгілі айтыскер ақын Ринат Заитов "Адырна" ұлттық порталының YouTube-арнасына берген сұхбатында Мәжіліс сайлауына түсетінін хабарлады. 

"Заң өзгеріп жатыр. Можаритарлық өзін-өзі ұсыну жүйесі бар. Осы сайлауда мен өз-өзімді ұсынамын. Қалғанын Құдай көрсетеді. Мен "мінезі бар" адамдардан мемлекеттің жапа шеккенін көрген жоқпын. Кезінде столды ұрып тұрып сөйлейтін депутаттар да болды. Амангелді Айталы, Қаратай Тұрысов сынды талай ағаларымыз болды. Жарықтық... Мысалы, олар эмоционалды адамдар. Мұхтар Шаханов депутат болды. Ол да эмоционалды адам еді. Ол да ақын еді. Бір нәрсені жақсы білемін. Міне, қазіргі (VII шақырылымда) отырған депутаттар бар ғой. 107 депутаттың өзім танитын 10-ын былай алайын. Осылар жұмыс істей алады. Қалған 97-нің жұмысын мен танитын 5-ақ адам атқара алады. Қалғанының не үшін отырғанын білмейтін адамдар бар ішінде. Неге бармасқа?! Қалғанының бәрі сылтау. Сені жолатқысы келмейтін адамдардың әңгімесі. "Сенің мінезің былай ғой, сен Заңды білесің бе, сен былай істей алмай қалмайсың ба?"деп. Беттеріне айтамын! Жанағы 107-нің 20-ын дейікші жарайды. Мен 87-нен артық депутат бола аламын. Өзімді білемін", - дейді Ринат Заитов.

"Саяси біліміңіз жеткілікті ме?" деп айтатындар да бар...

"Айтсын! Саяси білім деген не ол? Әділетсіздікті көру үшін қаншалықты білім керек?! Өтірік сайлаудың болып жатқанын көзіңмен көріп тұруың үшін қаншалықты білім керек?! Көшеде қазақтың теңсіздік көріп жатқанын, қызы қорланып, ұлы қамалып жатқанын көру үшін қаншалықты саяси сауат керек? Осыған жауап беріңіздерші маған... Бұған саяси сауат керек жоқ. Бұған махаббат қана керек. Отанға деген, өзіңнің отандастарына деген және ертеңгі келешегіне деген сенім керек, алдыға қоятын мақсат керек!", - дейді айтыскер ақын.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер