Сарбаздар достығы

1015
Adyrna.kz Telegram

 Достық адамзат атаулыға берілген ең асыл қасиеттердің бірі. Оның қадір-қасиетіне жете білген  жан шынайы бақытты. Достың саны да, сапасы да көп. Бірақ сол жақыныңның ішінен сенің жан дүниеңді көз жанарыңнан-ақ мүлтіксіз  түсінетін, қиын сәтте қолдау болатын жанашыр саусақпен санарлық. Сол сияқты достың да  өзіндік деңгейі,  мәртебесі болады. Бірі бала шақтан  бар қызықты бірге  көріп, бір үзім нанды бөлісіп келе жатқан дос болса, енді бірі өмір ағысымен жолдан қосылған жолдас та кездеседі. Ең бастысы өзіңізге жақынның ара-жігін дұрыс ажырата білу. Басыңа іс түсіп өмірдің түрлі  сын сәттерінде сағы сынбай сені  жетелей білсе онда серігіңнің сенімді болғаны. Ал, әлдебір қызығушылыққа бағытталған мақсаты болса онда ойлағаныңның орындалмағаны деп білеміз.

Әскер достарды бір-бірімен жақындастырады. Қатардағы Дінәсілов Абылай мен Усманалиев Рахат  екеуі қазір алып мегаполистегі 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы  борыштарын өтеп жүр. Екеуі де Шымкент  қаласының тумасы. Мектеп қабырғасынан бері бірге дос болып кейіннен жоғары оқу орнына түседі. Университет қабырғасында студенттік кезеңнің ең қызықты шақтарын өткеріп, оқуларын оқып он сегізге тола салысымен алдымен Дінәсілов Абылай  әскер қатарына шақырылады. Абылай,  әскер әрбір ер азаматтың Отан алдындағы борышы, міндеті екенін жете түсінеді. Сөйтіп өзімен бірге досын алып кетуді жөн санайды. Осылайша, адал достар келісіміге келіп, серттесіп оқуларын уақытша тоқтатып 1-2023 жылғы шақырылыммен  Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі  Бауыржан Момышұлы атындағы  5571 әскери бөліміне түседі. Қызығы, қатардағы қос жауынгер бір уақытта бірінші жедел мақсаттағы батальонға  бірінші ротаға тап болады. Қызмет кезінде  де ең алғашқы жасаққа да бірге түскен.

Бір қалада өсіп, бір әскери бөлімге түскен екенсіздер. Бізбен бөлісер қандай қызықты жағдайларыңыз бар?

–Біздің басымыздан өткен қызықтар ең алғашқы оқу-жаттығу кезінен бастау алды. Осы жерге келіп біздің достығымыз одан сайын нығая түсті. Бір рота болғаннан кейін күніге уақытты бірге өткіземіз.Кәдімгі бір үйдің баласындай етене –жақын араласып кеттік. Уақытты та өте пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысып жүрміз. Әсіресе, әскердегі  естеліктер  бізге өте қызық, өзімізге қатты ұнап жатыр. Бір- бірімізге қолдау көрсетіп жүргеннен кейін де уақыттың қалай тез өтіп  жатқанын аңғармай қалдық. Ойлаңызшы, әскерге келгенімізге де тоғыз айдан да асыпты. Санаулы күндерден кейін үй-ішімізбен, ағайын-туғанмен қайта  қауышамыз, дейді  қатардағы Рахат Усманалиев.

– Рахаттың адамгершіклік қасисеттері өте көп. Ол өте ақылды. Кез келген нәрсені дұрыс пайдалана алады. Әр ситуацияны басқара біледі. Ақкөңіл, жанашыр.  Ортада  абыройлы, адал.  Тіл байлығы да жақсы. Менің көңіліме ең жақын тартқан қасиеті ол өзі айтқан сөзінде тұрады. Сенімді серік. Сол үшін де мен досымды ерекше бағалаймын. Сондықтан да мен досым үшін барлығына дайынмын. Ақтық демім қалғанша адал болуға, кез келген жағдайда көмек беруге дайынмын, - дейді Абылай Дінәсілов.

Абылай, Рахат өздеріңіз де жоғарыда айтып өткендей  әскер сіздердің достық қарым-қатынастарыңыздың  нығая түсуіне сеп болды. Ал, осы Ұлттық ұланға келгелі өздеріңіздің жеке қасиеттеріңізде өзгеріс бар ма? Әскер нені үйретті?

– Бізге әскер шыдамдылықты, төзімділікті үйретті. Үлкен жауапкершілікті сезіндік. Бұған дейін  әр үйдің баласы болсақ, қазір халықтың баласы екенімізді жақсы түсінеміз. Отан үшін, адал, абыройлы қызмет  етіп жүргенімізге өзімізді мақтан тұтамыз. Дәл осы бөлім командирлеріне де алғысымыз шексіз. Бізді нағыз ер азамат ретінде өсіріп, жастарға патриоттық тәрбиенің дәнін сеуіп ықпал етіп келеді.  Біз өз Отамыздың патриотымыз!

Қазақ ерте кезден –ақ, қасыңдағы серігіңе қарап сенің қандай адам екеніңді бағалаған. «Досыңды көрсет, мен сенің кім екендігіңді  айтамын»,-деген қанатты  сөз осыдан шықса керек-ті. Қатардағы Абылай Дінәсілов пен Рахат Усманалиев екеуіне қарап тәнті боласың. Бір-бірінің  кем- кетік жерлерін түгендеп,толықтырушы. Расымен, әскер  олардың достық қарым-қатынастарын нығайта түскен. Жақындарынан жырақта жүрген қос сарбаз  борыштарын өтеп,  туған жерге барғаннан соң үлкен жоспарлар құрып қойған. Болашақта да отбасылық достар болуды армандайды екен.

 Аяулым Мадиканова 

                                                                 

          

Пікірлер