FlyArystan әуе компаниясы 12 жастағы қызды бортқа мінгізбей, әуежайда тастап кеткен

968
Adyrna.kz Telegram

FlyArystan әуе компаниясы 12 жастағы қыз баланы бортқа кіргізбей, Астана әуежайында қалдырып кеткен. Бұл туралы жасөспірімнің анасы Жазира Мусина айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«2024 жылдың 20 шілдесінде менің балаларым (егіз) Ғалиева Зере мен Ғалиева Зауре Америкадан үйге оралды. Балалар тобымен бірге сенімді адамның жетектеуімен Астана арқылы Оралға ұшқан... Flyarystan қызметкерлері Зәурені тіркеп, Зерені тіркемей қойған. Олар техникалық ақауларды жөндеген соң баланы бортқа өздері отырғызатынын айтып, топтың жетекшісін сендірген. Менің балаларымның бүкіл құжаты дұрыс. Сонда FlyArystan қызметкерлері ұшақта орын жоқ болғаны үшін баламды кіргізбей қойған ба? Ұшақ Оралға ұшып кеткен, ал менің қызым Зере Астана әуежайында қараусыз қалып қалған», - деді ол.

12 жасар Зере 3 сағат бойы FlyArystan тіркеуінің жанында отырған. Анасына «не істеймін, қайда барамын» деп жылап телефон соққан.

«Бала келесі күні басқа рейспен үлкен кісінің қарауынсыз ұшып келді. Ол біздің қасымызда, аман-есен. Бірақ болған жағдайды ұмыта алар емеспін, өйткені бұл кез-келген баланың басына түсуі мүмкін. Балаға немқұрайлы, жауапсыз қараудың арты қорқынышты жағдайларға әкеп соғуы мүмкін», - деді ол.

Жазира Мусина баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған компанияның әрекетіне ашулы. Ол Азаматтық авиация комитеніне және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға жүгінген.

«Біз FlyArystan-ның іс-әрекетіне тексеру жүргізіліп, кәмелетке толмаған баланың құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылады деп үміттенеміз», - деп жазды Жазира Мусина.

Әуе компаниясы артынша кешірім сұраған.

«Біз болған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұраймыз. Авиакомпания мұқият тексеріс жүргізеді, қабылданған шаралар туралы сізге міндетті түрде хабарлаймыз», - деп жауап берген FlyArystan қыздың анасына.

Пікірлер