Жадыраевтың анасы ұлының Парижден байланысқа шығып, халқына алғыс айтқанын жеткізді

1241
Adyrna.kz Telegram
Фото: Күлипа Бижанованың жеке мұрағатынан
Фото: Күлипа Бижанованың жеке мұрағатынан

2024 жылғы Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен финалдық кезеңге жолдама алған қазақ балуаны Демеу Жадыраевтың анасы Күлипа Бижанова ұлымен байланысқанын, оның халқына алғыс айтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kazinform сайтына сілтеп.

“Ұлым 3 сынып оқып жүрген кезінде күреске барды. Спортқа өзі талпынып, өзі қатысты. Ол кезде бұлай Олимпиадаға барады деп ойламадым. Баламның талабы мен жігері мықты болды. Алдымен ауылда шынықты. 6 сыныптан кейін Талдықорғандағы Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқыды. 11 сыныпты сол жерде бітіріп, алдымен ҚазҰУ-ға, одан кейін Спорт және туризм академиясына оқуға түсті”, — деді спортшының анасы.

Сондай-ақ Демеу Жадыраевтың анасы кешегі өткен белдесуден кейін баласымен сөйлескенін айтып, оның отандастарына деген ақ тілегін жеткізді.

“Париж алдында оқу-жаттығуына барып келгеннен кейін баламды ауылдан ақ жол тілеп шығарып салдым. Жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаевтің жолын берсін деген тілегімді айттым. Сол ағаларына қарап, Олимпиадада жеңіске жетуді бала кезден армандады. Талай қиыншылықты басынан өткерді. Енді баламды тіл-көзден сақтасын, бұйырса елге алтынмен оралсын. Кеше Парижден хабарласып, сөйлестік. «Енді белдесетін бір адам қалды. Қолдап жатқан халқыма алғыс айтамын» деген”, — деді Күлипа Бижанова.

Айта кетейік, кеше 6 тамыз күні Демеу Жадыраев жартылай финалда Әзербайжан өкілі Санан Сулаймановты жеңіп, финалға шықты. Отандасымыз бүгін жапондық Нао Кусакамен алтынды сарапқа салады.

Пікірлер