“Дикий Арман” жетекшілік еткен қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды

940
Adyrna.kz Telegram

Алматы мен Шымкентте «Дикий Арман» жетекшілік еткен қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Министрлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті соңғы екі жылда 140-тан астам қылмыстық топтардың қызметін тоқтатып, қылмыс әлемінің 550-ден астам өкілін жауапқа тартты.

“Аса қауіпті қылмыстық топтарды, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды құрықтау бойынша жұмыс аяқталып жатыр. Биыл тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп, Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының 15 ықтимал мүшесіне қатысты ұстау және тінту шараларын жүргізді. Топтың жетекшісі мен негізгі мүшелері қамауға алынғанымен, оның басқа мүшелері бостандықта заңсыз әрекеттерді жасауды жалғастырған”, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Оның айтуынша, 40-тан астам тінту іс-шаралары жүргізіліп, атыс, травматикалық және суық қару, тағы басқа заттай дәлелдемелер тәркіленген. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұдан басқа, ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, қылмыстық топтың жетекшілері мен негізгі мүшелері отырған мекемелерде жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу және тиісті режимді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданып жатыр.

Пікірлер