Танымал боксшы Париж Олимпиадасындағы бокс нәтижесі туралы ойын айтты

1472
Adyrna.kz Telegram

Бокстан екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Париж Олимпиадасындағы боксшыларымыз туралы пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Боксшы Париж Олимпадасында ел құрамасының нәтижесін сөкпеуге шақырды.

”Өз басым төрешілер жағынан бұра тартушылық болды деп есептеймін. Жарысты бастан-аяқ қарап отырмыз. Жігіттердің қай-қайсы да жақсы өнер көрсетті. Тіпті, ұтылды дегеннің өзінде, тең дәрежеде жұдырықтасып жатты. Қарсыластарының да ешқандай артықшылықтарын байқамадым. Жігіттеріміз бар күш-жігерін салды. Боксшыларымыз Париж Олимпиадасына жеңілейін, қыдырып қайтайын деп барған жоқ”, - деді ол.

Спортшы Нұрбек Оралбайға жанкүйер болып, жеңіс тілейтінін айтты.

Одан бөлек, ол қазақ боксының шама-шарқын Париж Олимпиадасымен бағаламауға шақырды.

“Қалай болмасын, қазақ боксшыларын олай көктен алып, жерге салуға болмайды. Осыған дейін талай Олимпиада ойындарында қаншама алтын жүлделерімен елді айдай әлемге паш етті. Ешқандай ойындардан жүлдесіз қалып көрген жоқ. Токиода ғана алтынсыз қалғанымыз болмаса, өзге ойындарда қашан алтынсыз келіп еді. Міне, бұйырса Нұрбек Оралбай да алтын алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан, осындай бір сәтсіздіктерді аласапыран дүниеге айналдырып, қазақ боксын күресінге лақтыра салуға болмайды”, - дейді Ниязымбетов.

Пікірлер