Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдады. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Кездесу барысында екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық әрі стратегиялық сипаттағы қарым-қатынасын атап өтіп, жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тиімділігін арттыра түсу үшін екі ел президентінің әкімшіліктері арасындағы тығыз байланысты жолға қою маңызды екеніне назар аударды.
Кездесуде ақпараттық-идеологиялық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және жастар саясаты салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша мән берілді.
Президент Астанада халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойынының өткізілуіне қолдау білдіріп, мұндай іс-шаралар халықтарымыздың арасын жақындата түсетінін атап өтті.
Саида Мирзиёева - Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тұңғышы.