БҚО аудандарында төтенше жағдай жарияланды

1302
Adyrna.kz Telegram
Фото: Egemen.kz
Фото: Egemen.kz

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында, Жаңақала мен Казталовтың жекелеген ауылдарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің Kazinform тілшісіне мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жасұлан Халиуллиннің мәліметінше, биылғы жылы көктемгі күннің салқындығы және киік санының шамадан тыс артуы салдарынан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында қажетті көлемде мал азығын дайындауда қиындық туындады.

Сонымен қатар, бұл аудандарда шөптің өнімділігі әдеттегіден төмен болып, орташа өнімділік гектарына 1,9-1,8 центнерден аспай отыр.

«Мұндай жағдай Бөкей ордасы, Жәнібекпен шекаралас жатқан Жаңақала ауданының Жаңажол, Жаңақазан, Көпжасар, Мәстексай, Казталовтың Тереңкөл, Казталов, Бостандық және Көктерек ауылдық округтерінде қалыптасты. Осыған орай оңтүстік аудан әкімдіктерімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Аталған аудандар аумағында гидрометеологиялық қызмет растаған қалыптан тыс ауа райы жағдайларының орын алуы қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына сәйкес агроқұрылымдарға мал азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуды субсидиялау мүмкіндігі бар», дейді Ж.Халиуллин.

Есептемелер бойынша 4 ауданның 110 мың бас сиырын, 125,9 мың бас қой және 44,2 мың бас жылқы аналығын қамту жоспарлануда.

Қажетті қаражат көлемі — 3 263,1 млн теңге. Тиісті қаражат облыстық бюджеттік комиссияда мақұлданды.

Агроқұрылымдарды субсидиялауды тамыз айынан қалдырмай бастау көзделуде.

«Бұдан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамту аса маңызды. Бұл мақсатта жеке қосалқы шаруашылықтардың мал азығына қажеттілігін тасымалдау шығындарын өтеу арқылы ұйымдастыру жоспарлануда. Аталған аудандарға жеке қосалқы шаруашылықтарын қамту үшін барлығы 66 мың тонна мал азығын тасымалдау қажет. Мал азығымен толық қамту үшін 1 048,4 млн теңге қаражат есептелді»,- дейді Ж.Халиуллин.

Оның мәлімдеуінше, Бөкей ордасы мен Жәнібек пішенді өзге жерлерден, ал Казталов пен Жаңақала ауданның өз ішінен тасымалдамақшы.

Оңтүстік аудандарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін әрбір ауданға 10 мың рулоннан шөп қорын дайындау тапсырмасы берілді.

Сондай-ақ облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне аталған аудандардың жеке қосалқы шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін 1 мың рулоннан пішен даярлау тапсырылды.

«Оңтүстік аудандарда қыстақ кезінде шығынның алдын алудың тағы бір жолы — мал басын азайту керек. Ол үшін ірі ет өңдеу кешені „Кублей“ ЖШС басшылығымен кәсіпорынның әдеттегі мал қабылдауды уақытынан екі ай бұрын бастап, бірінші кезекте оңтүстік аудандар тұрғындарынан мал қабылдау бойынша келіссөз жүргізілді. Бұл жұмыс 24 маусымнан басталып, күні бүгінге дейін 1 567 ірі қара, 4 435 қой-ешкі және 105 бас жылқы сойылды», деді басқарма басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен оңтүстік төрт ауданды мал азығымен қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізіліп, құзырлы басқармаларға, аудан әкімдіктеріне тапсырмалар берілді.

Тапсырмалар мал азығын дайындауды ұйымдастыру бойынша облыстық штаб отырыстарында апта сайын қаралып, үнемі бақылауда болады.

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылының тұрғыны, «Береке» шаруа қожалығының басшысы Еркін Жабасов жағдайдың биыл өте қиын екендігін жеткізді.

«Жайылыс өз алдына, шабындықтардағы шөптің шығымы өте нашар болып тұр. Бұрын бір айда асықпай шапқанның өзінде 2 мың рулон дайындайтын болсақ, қазір уақытпен санаспай шөп бар-ау деген жерлерді тырналағанда, 1 мың рулонға жеткізе алмай отырмыз. Аудан бойынша мал азығын дайындау мен мал басын есептеуде қателіктер бар. Хан ордасында тұратын, 15-20 бас малдан ұстап отырған ауыл тұрғындарының ауласына шөп мүлдем түскен жоқ. Бірнеше ай бойы жаңбыр тамбады. Бөкей ордасында тек 23 шілдеден 24-іне қараған түні жаңбыр жауып, шөп қайта көктей бастады. Киіктің зардабы да орасан болып тұр. Осындай себептерден малдың күйі нашарлап кетті. Ал „Кублей“ кәсіпорнына тапсырайық десек, оның қоятын бағасы төмен. Өткен қыста ауданда мал көптеп қырылды. Сол жағдай қайталанбас үшін шұғыл шаралар алу қажет-ақ», деді Е.Жабасов.

Пікірлер