31 шілде күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қызметкерлері жұмыстан себепсіз шығарылғандарын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Наразылық министрліктің назарына ілігіп, бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Желіде тараған бейнеде жұмыстан қысқарған Назерке Әбілқасымова 1 шілдеге дейін театрда 9 капельдинер жұмыс істегенін айтты. Ал 1 шілдеде театр қызметкерлері, әдетте демалысқа шығады. Алайда олар еңбек демалысына шығу үшін өтініш өткізуге барғанда өздерінің жұмыстан босатылғанын білген.
"Жұмыстан шығару себебін алда келе жатқан театрдың 90 жылдық мерейтойымен байланысты екенін айтты. Біз театрдың заңгеріне бірнеше рет бардық. Ол бізге дөрекі түрде жауап беріп, штаттың қысқартылатыны туралы құжатты көрсетіп, өз еркімізбен жұмыстан кетуге кеңес берді", — дейді ол.
"Жоғары біліктілікті қажет ететін лауазымдарды жойып, жаңа лауазымдар енгізілуіне байланысты өзгерістер болып отыр. Осы өзгерістерге қатысы бар барлық қызметкерге бос лауазымдар немесе қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс ұсынылған, бірақ олар жұмыстан бас тартты. Айта кетейік, театр барлық өтемақыны төлейтін болады", делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған жағдайға қатысты заңды тұрғыда қызметтік тексеру жүргізілетінін, оның нәтижелері кейінірек жарияланатынын да нақтылады.