Қарағанды облысында адам саудасының құрбандарына арнап 5 миллионнан астам теңге қаржы бөлінді

1276
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы адам саудасының құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету үшін 5 769 000 теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған мемлекеттік сатып алу 31 шілде күні "Адам сату құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету" деген тақырыппен жарияланған. 5 769 000 теңгеге бағаланған тендер жеңімпазы 10 тамыз күні анықталады. Техникалық сипаттамада тапсырыс орындаушы адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатыны жазылған. "Жобаны жүзеге асыру орны Қарағанды қаласы, іске асыру мерзімі 2023 жылдың ақпан-желтоқсан айлары екені"  көрсетілген.

Қараңыз (Мәтін қаз-қалпында берілді): "Қызмет алушылардың саны 2023 жылы – 7 адам. Қаржыландыру сомасы шарт жасалған күннен бастап 2023 жылғы қаржы жылының 274 күніне (9 айына) есептелген. Қажет болған кезде қаржы жылының қалған күндерін әлеуетті өнім беруші арнаулы әлеуметтік қызметтерді өз қаражаты есебінен ұсынады".

Бұл орайда өздігінен "Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жылдан шатасып отыр ма?" деген заңды сұрақ туындайды. Әйтпесе, өткен2023 жылғы шараларға биыл ақша бөлуі заңға қайшы емес пе? Біздің ойымызша, басқарма 2023жылы жазылған техникалық сипаттаманы 2024 жылы өзгертпестен көшіре салған. Соның өзінде басқарма биылғы жылдың қаңтар-желтоқсан айларының арасында атқарылуы тиіс жұмыстарға шілденің аяғында бір-ақ тендер жариялап отыр деген сөз.

Тапсырыс орындаушы алдағы төрт айда құжаттарда тайға таңба басқандай көрсетілген 274 күндік, яғни 9 айлық жұмысты қалай жасайды? Мысалы, техникалық сипаттамада тапсырыс орындаушы адам саудасының құрбандарына 6 айға дейін уақытша тұруға баспана тауып беруі керектігі жазылған. Желтоқсан айына дейін бар болғаны 4 айғана мерзім қалды. Ал, құжатта басқарма қайдағы 274 күнді айтып отыр? Бұл - бір.

Екіншіден, Қарағандыда 2023 жылы адам саудасының құрбаны болған 7 адам болған екен. Биыл қанша адам бар? Тендер жеңімпазы нақты қанша азаматқа әлеуметтік, рухани, психологиялық жәрдем көрсететіні анық жазылмаған. Жоқ әлде, былтырғы 7 адам биыл да көмекке мәжбүр ме?

Үшіншіден, жыл бойы атқарылуы керек жобаға не себепті соңғы төрт ай қалғанда тендер жарияланады? Тендерді ұтып алған компания 274 күннің есебін қалай тапсырмақ?

Бұл сұрақтарды аталмыш басқармаға жолдадық. Олардан жеткен жауапты да жариялайтын боламыз!

Ақан Асыл

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер