Азия және Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшылардың өнеріне көңілі толмайтынын білдіріп, сынап тастады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, біздің спортшылар физикалық тұрғыда өте нашар.
“Екінші раундта демалыстары қиындап, әрең жүр рингте. Ударлары аз. Комбинация ударов тіпті аз. 3 минутта қанша удар жаудыруға болады?! Физикасымен айналысуға арнайы шақыртылған кубалық маман қайда қарап жүр? Целая научная группа қайда? Неге біздің боксерлар демі жетіспей жүр? Үш раунд аяқта тұра алмайды. Не істеп жүрсіңдер шұбырып бәрің? Бірінші бойдан өте алмады деген не сұмдық???” деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол бапкердің салғырт дайындығына да көңілі толмайтынын алға тартты:
“Бір сұрақ: әрбір боксер лицензия алғаннан Олимпиадаға дейін неше бой өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен жарты жылда 22 бой өткіздім. Бас бапкерге айтатын сөзім жоқ тіпті” ,- дейді чемпион Бақыт Сәрсекбаев.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 31 шілде күні боксшы Махмұд Сабырхан алғашқы жекпе-жекте жеңіліп қалған еді. Сабырханның сәтсіздігін спорт журналисі Леонид Юрьев те сынға алды.