Жаз маусымы демалысымен қызық. Елімізде әрі демалып, әрі сұлулығына тамсанып, демалатын көрікті жерлер жетерлік. Соның ішінде шипалы суымен талайдың сүйікті демалыс мекеніне айналған Алакөлдің жөні бөлек. Жуырда көл жағасындағы Ақши ауылында өткен «Alakol Fest – 2024» музыкалық фестивалі аспанды әуелеткен әуенімен демалушылардың көңілін көкке көтеріп, отандық туризмнің мәртебесін арттырды.
Алакөл – Қазақстандағы сирек көлдердің бірі, жағалауы малта таспен көмкерілген, суының құрамы емдік минералдарға толы ерекше су айдыны. Елімізде туризм қарыштап дамығалы бері мұнда келетін қонақтар саны еселеп арта түсуде. Алакөлдің даңқы тек Қазақстанда ғана емес, жақын шетелдерде де танымал, жыл сайын арнайы келіп демалатын халықтың қарасы өте мол. Қазіргі уақытта көл бойында демалуға қолайлы саналуан демалыс базалары және пансионаттар келушілерге қызмет көрсетеді. Биылғы маусым Алакөлге қызығушылар саны тіпті артқанын көрсетті, жағажайда ине шаншарлық бос орын жоқ.
Ашық аспан астында өткен «Alakol Fest – 2024» музыкалық фестивалін жан-жақтан жиналған бес мыңнан астам адам тамашалады, олар тіпті ауа-райының қолайсыздығына қарамастан көл айналасын көтеріңкі көңіл-күйге бөледі.
Айдынды Алакөл жағасындағы фестиваль сахнасында танымал эстрада артистері Әділ Жалмағамбетов (Adil), Еңлік Құрарбек (Yenlik), Луиза Каринбаева (Luina), Айгерім Рақышева (Ayree) тыңдарманның ең сүйікті әндерін орындады. Кештің музыкалық тізгінін ұстаған жүргізушілер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин жарасымды әзіл-қалжыңымен демалушылардың көңілінен шықты.
Фестиваль отандық туризмнің көкейкесті мәселелері шешімін таба бастағанын көрсетті, көл аумағына жету жеңілдеген, аптасына 28 рет Астана, Алматы және Талдықорған қалаларынан 3 әуе рейсі, Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысынан және Абай облысынан 12 теміржол рейсі, Алматы мен Талдықорғаннан 50 орындық автобустар күнде жүреді. Сондықтан болар, жылдағыға қарағанда туристер қарасы күрт көбейген, деректер бойынша, мұнда жылына 1,5 млн адам демалады.
Суы шипа, көркі әсем Алакөл, еліміздің мақтанышына айналған әйгілі нысанда өткен музыкалық фестиваль ішкі туризмге назар аударып, одан сайын жақсара түсуіне септігін тигізері сөзсіз.
Д.Искаков