Бақыт туралы баллада

4194
Adyrna.kz Telegram
Сурет Төрәлі Қыдырдың парақшасынан алынды
Сурет Төрәлі Қыдырдың парақшасынан алынды

(Бақыт Әбжетпен қоштасу)

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.

Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң.

                                                   Мұқағали

Бақыт кетті... Бақ кетті... Бақыт оны ап кетті... Ол шынында да өзі айналысқан зерттеу саласына бақ қондырған жігіт еді. Шығыстанушы. Ирантанушы. Парсы тілінің маманы. Академик Сейіт Қасқабасовтың томағасын алып, топқа салған талантты шәкірттерінің бірі. Үнді мен парсы жәдігерліктерінен тамыр тартатын сюжеттердің түп табиғатына үңіліп, кандидаттық диссертация қорғады. Тәуір ғалымдар топтасқан Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. Найзағайға нан пісіріп алатын (Қалтай Мұхамеджанов) жұлымыр пысық болған жоқ ол. Елеусіздеу жүрді. Ешкімнің алдын кеспеді. Ешкімнің бетіне жел боп тимеді. "Тек жүрсең, тоқ жүресің" деп алды-артын ойлап, ертеңгі күнін ескеріп һәм есептеп отыратындардың да санатынан емес-ті. Өзінің бүкіл болмыс-бітімі солай еді. Атақ пен шатақтан аулағырақ қоныстанды. Бір күні ойланып-толғанып, толқып-толғатып алды да, Түркістанға тартты. Түркологияның түтінін түзу ұшыруға үлес қосқысы келген болуы керек. Сол кеткеннен мол кетті. Киелі шаһарда да ешкімнің алдын ораған жоқ. Өз жөнімен, өз сөлімен ғұмыр кешті. Ешкімге жүк артпады, ештеңеге құмартпады. Бір қарағанда бұйығылау көрінетін Бақыт Әбжет бауырымыз түркітану мәселесіне келгенде өте табанды еді.

"Түркістанға бір келіп,

Конгреске тіркеліп,

Талай адам бір күнде,

Болып шықты түрколог!"— деген шымшыма шумаққа арқау болған зерттеушілердің қатарына тап соның қосылмайтыны анық-ты. Керісінше, ол Түркістанда қайта түлеген түркологияның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Бақыттың өзі қаншалықты қарапайым болса да, ширақ шығыстанушы ретінде әлдеқашан мойындалып қойған дер едік. Оның "Түркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер", "Тұран және Иран мәдени байланыстары" деген қос кітабы айбарлы академиктер мен парасатты профессорлардың, даңқты докторлар мен дүрдей доценттердің жазу үстелінің үстінде жатқанын талай рет көрдік. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермесі белгілі.

Негізі ата тегі Арал топырағына тиесілі еді. Соның әсері ме, ана бір жылы жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүріп, Түркістаннан таяқ тастам жердегі Қызылорданың аптабына екі-үш ай қақталып, жұмыс істеп қайтқаны бар. Сонда ғой сол тұста Сыр бойын рухани тұрғыдан жаңғыртуға кеткен Серікбай Қосан екеуі бір пәтерде тұрып, балық қуырудан шеберлік сынасатыны. Бәлкім, қайсысымыз Аралдың нағыз перзенті екенбіз деп бәсекеге түскен болар.

Мұқағали Мақатаевтың мынадай бір өлең шумақтары бар еді:

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.

Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң.

Бақытты сол - тәрік етіп түндерін,

Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Мұқаң айтқандай, біздің Бақыттың маңдайына да "бірде шаттық, бірде мұң" ғұмыр бұйырды. Ол жұпыны тірлік кешкен шығар, жұрт көзіне түспеген шығар, атақ-даңқтан адалау болған шығар, дабыралы әлемнің дүбірлі дүрмегіне ере қоймаған шығар... Бірақ Бақыт бәрібір бақытты өмір сүрді. Алтын асықтай бес перзентке әке болды. Зерттеушілер аттап өте алмайтын елеулі еңбектер қалдырды. Саналы тірлігін сапалы ғылым жасауға арнады. Ғылымның қазанында қайнап, жалынында жетілді. Енді, міне...

Баяғыда университетті бітірген қыз-жігіттер Алатау бөктерінен алыс аймақтарға аттанғанда "Біржола кетті деп қалма тым, Сәл ғана күте тұр, Алматым!", - деп қимай қоштасатын еді. Ал Бақыт бұл жолы оқыған-тоқыған, өскен-өнген Алматысынан біратола кетпек. Бақұл бол, Бақыт! Алдыңнан жарылқасын!

Бақыт кетіп барады... Сол баяғы жылы жымиысын да, күміс күлкісін де әкетіп барады...

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер