Шынайы поэзияның темірқазығы – шындық пен ой, сезім

1574
Adyrna.kz Telegram
Фото: smartnews.kz
Фото: smartnews.kz

Белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды қаламгер Қазыбек Иса ағамыздың «Сыртолғау» жыр-маржанын біресе сүйсініп, біресе жылап отырып оқып шықтым.   «Поэзия  –   мойнымдағы тұмар" деп сөз өнерін  қасиетті тұмарға теңеген ақынның «қаперлі оқырманы»  деңгейіне көтерілу,  ақын шығармашылығы жайлы ой-пікіріңмен бөлісу де –  бір бақыт шығар деген оймен көңілге не түйгенімді жазбақпын. Кітаптың адамзатқа берері көп.  Мұндай пайдалы нәрсе ізгілікпен теңеседі, өйткені ізгілік адамдарды жақсылыққа шақырады. Жадыға жаңа самал боп тиетін әдемі жыр оқығанда, ойыңа ой қосып өзің де  даналыққа біртабан жақындай түсесің.  Ал даналық  –   ең биік мұрат.

"Сыртолғау" жыр жинағын Сұраған ақын " ... өте тереңдігі лағыл жырлардың ұшқыны" деп бағалап, "сезімі алысты аңсайтын ақын" деп , енді бірде "ақыл соты" жайлы өлеңдеріндегі ойды жарқыратып аша түседі.  "Даланың бетіне түскен жарақатты өзінің жүрегіне жабысқан кінәраттай сезіне алатындар ғана осындай ғазиз жырларды жаңбырлата алады" деп нақтылап даралай түседі. Негізі, құбылыстың сұлулығына түйсіну эстетика ғылымының басты міндеті. Алайды сұлулық болған жерде зұлымдық қатар жүреді. Жақсылық істелген жерде жамандық, ізгілік бар жерде надандық қатар жүреді. Бұл табиғи процесс. Өмір дамуының гносеологиялық заңдылығы осы. Тіршіліктің бал-дәмін "Меннен" іздейтіндер көп. Ал ақиқат болмыстың төріне ұмтылып, әділеттілік, арлылық, махабббат іздеген жан ғана Қазыбек аға секілді  елінің, "қазақ жер-суының жоқшысы" бола алмақ ...   Жүсіп Баласағұнның «Адамдардан адам мирас іздеген,  Онысы сөз, пайда әкелер жүздеген» деген сөзі бар-ды. Әрбір детальді ақпарат тегін берілмейді, әрбір сөзінде өнеге бар.  Иә, «Қаланғанша төсінде қабір тасым, Ұлы дала ұлыңды сағынтасың...» деп жырлаған ақын кеудесіндегі Ұлы сағыныш -  өнеге боп өрілмесе несі ақын!? Құмда, жапанда қалған үй  жанын сыздатпаса, ақын жыр жаза алар ма!? «Ауыл-анам, көп   кінәмді өтейін, Өзіңе басымды бір сипатып кетейін»  деп тебіренбесе, шаршағанда ауыл-анасын іздеп шағынбаса, ақын ақын болар ма!? Солай! «Өмір осы -  сағыныштан тұрады!»   Қазыбек ақын  «Қарашада қара  үйде қара бала, Қара өлеңін тыңдайды дала ғана...» деп жазады.  Дауыссыз «Қ» дыбысын үстемелете  басып аллитерация жасап тұрған «қара» , «қараша» сөздерінің қызметі де ерекше. Қарайған сағанаға қарайлап, қарашаға қара өлеңін тыңдатқан қара баланың рухы мен  өрлігіне қызығасың. Қатал табиғатпен үйлесе қалған өр мінез мен сөз өнері  ғана емес, қазақтың қасиетті  қарашаңырағының киесі сақталған сағанасына деген сағынышын байқауға болады. Сағана – сақтау, құлпытастар мен көне ескеліктер, ескерткіштер деген мағына береді. Бұрынғылар, біздің бала кезімізде   алаңсыз армансыз адамды «сағанасы сарық, қағанасы қарық» көңілі шат, уайым-мұңсыз деген ойды жеткізу үшін  ауыз екі сөйлеу тілінде қолданатын.  Ақын осындай қайшылықты сөздерді қолдану арқылы өмірде кездесетін келеңсіз жайттарды сипаттап жеткізуге тырысқан.  Адамның рухани сезімдерін осы  сөздерді қолдану арқылы сездірген.   Ақын өзінің лирикасында қара  сөзін бірнеше рет қолдану арқылы өлеңінің эстетикалық-эмоциялық мәнерін, экспессивтік бояуын әрлендіреді. Мұндай  қайталау  өлеңнің эмоциялық қуатын күшейтеді, тыңдаушысын негізгі мақсатқа жетелейді. Өмір қас-қағым сәт. Осы сәт қайта оралмайды. Әр жанға өлшеп берілген өмір бар, сол өмірдің қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын ешкім білмейді. Сондықтан ақын өмірдің әр сәтін бағалауға шақырады. Біз үшін негізгі мақсат – өмірдің мәні мен мағынасында! Қызыл-жасыл жарқыл мен әппақ әлем – қара болмаса қадірі болмас еді. Даланың қара өлеңіне деген сағынышты айту арқылы  ақын өзінің жайсаң да сезімтал, шымыр да шынайы болмысын өлеңге түр іздемей-ақ жеткізе алады. Қарапайым тілде ұғысу қазіргі көркемөнердің  өзгеше бір белесіне айналды. Ол көркемөнер жүгі жеңілдеді деген сөз емес, керсінше, көркемдеу құралы нәзіктене түсті деген сөз. 

Қазыбек Исаның негізгі темірқазығы – шындық, сезім, ой, сенім. Осылар ақынның бүкіл шығармашылығының өзегі болуымен бірге ақын поэзиясындағы  философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын  биік тұрғыдан аңғартатын ерекше белгілері болып табылады. Сондықтан да, ақиқатты айтқан -  «Әкімін емес, жақынын емес, Ақынын іздер Ел бүгін!» Жырын ұғып, көңілге тоқып әркез жоқшысы,  қолдаушысы болатын ақынын жақсы көрер.  Іздер!.. Олай дегенім, бір құдайға ден қойып, күнді шаңыраққа балап, туған жері тұла бойына нұр құйылып,  жалаңаяқ табанына  топырағы алтын боп жұққан ақынды Елі   қалай Іздемесін!

«Сыртолғауды» оқып отырып көз алдыма  талай тарих, түрлі  тағдырлар келді.  «Өмірім – Елімдікі»  деген ақын бүгіннің өзекті мәселелерін әрқашан да жырына қосып қана қоймай,  жоғарыға жеткізіп өткір айтып та жүр. Қазыбек Иса «Қазақ тілі босағадан кіре алмай жылап тұрса, біз қалай жетісіп төрде отырамыз»,  қазақ тілінінің 7-бабын өзгерту керек. Бабалар аманатын орындау мен үшін – киелі парыз»  деген сөзі көптің көкейіндегі сөз болатын.  Қара халықтың бүгінде күйі қандай деген сауалды айтқан,  ел ішіндегі түрлі жағдайға -  «сенің табаныңа кірген шөңке – менің маңдайыма батсын» деген қамқорлықты аңғартқан  ақынның азаматтық позициясы анық көрінген жырлары қаншама! «Қазақ тілі - Азат тіл болғанша, бұл майдан бітпейді»,  салғырт боп жүру сорың ғана дейді.   Қазыбек Исаның Азаттық туын көтерген ақынның жыры мәңгілік» деуінің сыры да содан болар. Парызы өтелген ізің -  қай кезде де жарқырап жатады.  Естеріңізде болса, 2019 жылы 4 ақпанда Астанада аядай лашықта тұрып жатқан бір отбасының бес қызы өрттен қаза таптын. Бұл ауыр қайғы  бәріміздің қабырғамызға батты. «Фейсбук» әлеуметтік желі бетінде Қазыбек аға «Жер бетінде періштеге жоқ орын» деп жоқтау жырын жазды. Азалы жырды жыламай оқу мүмкін емес. Сол сияқты, жарылыстан зардап шегіп жаяу-жалпы босағасын, алтын Арысын тастап, жаяулап жан сауғалай  қашқан  жұрттың  жағдайын термелетіп төгілте жазған «Арыс апаты» жыры жатқан бір тарих.  Тарихты қойып, бұл даланың тау мен тасы, қуы мен толқыны, тіпті, өрісте иесіз қалған малы да  адамзатқа өкпелі ме..?  Иә, рас, арқырама-сарқыраманың өзі топан су болып тасығанының өзінде даладан аса алмаған. Бұл күн де өтті ғой талайды толғантып, зар жылатып ... Адам көрер қорлықтың қыры мен қыбы да көп. Әркімнің байдың да, жалаңаяқтың да өзіндік тағдыр күні, ырзық шұғыласы бар дейміз. Біреуден артық,  біреуден кем - ырзықсыз жан жоқ.  Ел боп жабыла  көмек қолын созып жатқаны есімде, әрине  ешкімнің садақасы емес, Алланың жазған ырзығы болар.   Біреуден артық, біреуден кем ырзықсыз жан жоқ.   Осы бір киелі мекенге  арналған санаулы туындылар бүгінде әдебиет пен мәдениеттің көнермес, өзгермес, тірі, бірақ құпия естелігі боп қалды емес пе!?.    2010 жылдағы тарихи жағдай туралы  «Жаңаөзен» өлеңіндегі рух –  кеудесінде жаны бар ердің  намысын  қайрайды, қуаттандырады.  «Құл болмай, намысты Ұл болсаң,  сені алаңда ел күтеді» деп жазады. Ол кеше еді. Ал бүгін ше? Бүгіннің , алысқа ьармай-ақ осы көктемдегі су тасқыны ақын жүрегін қалай тілгіледі?  Ақын «Жарылып жатыр жаралар» туындысында  ел басына түскен қиыншылықты су тасқынынан зардап шеккен елдің жағдайын,  қар суының тез еріп елді-мекендер басып қалғаны, халықтың жиған-терген маңдай тері мен төрт түлігі, оның ішінде аша тұяқ ұсақ малды қойып,  суыққа төзімді жылқының өзі шырқырап ағып бара жатқанын, осының бәріне кінәлі салғырттықтың салқынын,  оған жаны күйген азаматтық болмысы берілген. Мысалы, мына бір шумақ ақын айтатын ойдың арнасы кеңейте түседі:

«...Ағын су Ақтөбені асып,

Топан су Торғайды алған… 

Жапырып дария бәрін,

Тастауда ел жан ұяларын.

Шошыған бала жылайды,

Қамығып қарияларым…

Жолдың біз күткенде айқынын,

Болдық па ел құт қонбайтұғын…» - деп қамыға  жазды. Иә, биылғы көктем мінез көрсетіп-ақ тұр. Ақырын берсін! 

Қазыбек ағаның алтын жалды жылқы ағып бара жатқан видеода жанталаса ышқынып кісінген дауысына «Жылқының кісінегенін, қаны бар түсінеді ерің» деп жазған жырын оқып сүйсіндім. Жүрегім ауырды.  Бәрінің сұрауы бар. «Қызыл сөздің жалғандығын – қызылсу әшкереледі.» Ақын ағаның көкірегіндегі шерлі дауысынан  «Жүгенін ұстап қалған ел     Жүрегің ұстап қалардай!» сескеніп те тұрмыз. «Жарылып жатыр жаралар» туындысының әсерлілігін арттыруда ерекше қызмет атқаратын поэтикалық тілдің элементі – қайталаудың өзін мәтінге ырғақ, ерекше эмоциялық бояу дарытуда құбылта қолданғанын байқадым. Мысалы, синонимдік қатарлар: жылқы, арғымақ, дүлдүл, қазанат деп немесе халық, ел, жұрт, қазағым деп интерпретациялап қатар қолданып, қайталаудың анағұрым күрделі компонент түрінде көрінеді. Бұлай жиі қайталап, тұрақты түрде кездесетін сөздер шығарманың негізгі ойын ашуға, кейіпкердің көңіл-күйін білдіруге көмектеседі. 

Автордың негізгі ойына келейік. «Кермені күткен дүлдүлдің күйі – арқама аяздай батты» деп жазады. Кермені күткен Дүлдүлдердің қай кезде бағы жанып еді!? Сол кісінеген дауыс арыда    Алаштың Ұлт Көсемдері мен Ұстаздарының дауысы, беріде ... айта берсең, өкініш өзегіңді өртке орайды. Кейде тіпті кеудеңді аяз қарығандай зілді сөз айтқың кеп ашу буады. Әттең! Қазыбек ағаның өлеңінің идеялық мазмұны, ой астарындағы философиялық концепциялары мықты. Ақын осындай қайшылықты сөздерді қолдану арқылы өмірде кездесетін келеңсіз жайттарды ситпаттап жеткізуге тырысқан. Адамның рухани сезімдерін осы сөздерді қолдану арқылы сездірген. Жиында кімбіз, қиында кімбіз? Тасқынға тосқын болған Қазанаттарым кім? Ақын өзінің лирикасында бұл метонимия сөздерді қолдану арқылы өлеңнің эстетикалық-эмоциялық мәнерін, экпрессивтік бояуын әрлендіреді. Ол өз ретінде өлеңнің эмоциялық қуатын күшейтеді, тыңдаушысын негізгі мақсатына жетелейді. Ақын өзінің сол жайсаң да сезімтал, шымыр да шынайы болмысын өлеңге өзгеше түр іздемей-ақ жеткізе алады. Қарапайым тілде ұғысу қазіргі көркемөнердің өзгеше бір белесіне айналғандай әсер береді. Ол көркемсөз өнерінің жүгі жеңілдеді деген сөз емес, керісінше, көркемдеу құралдары нәзіктене түсті деген сөз. Қазыбек Иса ағаның бір ерекшелігі – қай туындысының да негізгі темірқазығы – шындық, сезім, ой, сенім. Осылар ақынның бүкіл шығармасының өзегі болуымен бірге ақын поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан ағартатын ерекше белгілері болып табылады. Яғни, «Жарылып жатыр жаралар»  өлеңі - ақынның болмысын, «Тұлға» концептісінің мәнін ашқан,  халықтық сипатқа ие туынды деңгейіне айналдыра түседі. Олай дейтініміз, тұлға сөзінің мәні кең. Қазіргі кезде тұлға сөзі белсенді қолданылып, философиялық салмаққа  ие болды. Тұлға сөзі кез келген адамға келе бермейді. «Қауқары жоқ қар суына да, Қайда біз бара жатырмыз?» деп  әуені шерге айналған ақын «шендіге ел сенуден қалып, жемқоры көп елдің әкімінің Үкіметке бәрін қатырдық деген жалған ақпарын» да  ашық айтады. 

Өмір шындығы көркем әдебиетте көркем шешімдер арқылы ашылатыны белгілі. Сол себепті де өлеңнің соңын  сеніммен «Елміз. Қайратты қамал қорғайтын – Қазағым бәрін жеңеді!» деп түйіндеген болар. 

Өлеңнің көркемдік ерекшелігіне келер болсақ, қандай шығарма болсын негізінен белгілі көркемдік бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде дүниеге келеді. Олар өзінше жүйе құрай келе, шығарманың басқаға ұқсамайтын ерекше табиғатын құрайды. Бейнелеу құралдары жалпы түрде құбылту деп аталатын метафора, метонимия, астарлау, теңеу, эпитет және қаншама ассононс, аллитерациялары дыбыстық қайталау мағынасында қолданылады. Автордың тілі бейнелі, құнарлы, образды болуымен қатар, терең ойға құрылған. Өлеңнің өте әсерлі болуына ықпал етіп, көркем, шынайы тілі өлеңнің қадір-қасиетін айқындай түскен.  Тағы бір айтқым келгені, ақынның поэтикалық ракурсы, яғни өзін-өзі ұстау дәрежесі, өзін-өзі көрсетуі ұнады. Оқиғаны жай сырттай бақылаушы түрінде емес, оқиғаға қызуқандылықпен араласып «Отыз жыл жасырып келген жарылып жатыр жаралар», «Қандай бұғалық салса да, Тізерлеп тізе қосқанда , Тізерлеп қалмайды халық!» деп азаматтық үн қосады.  

Қорыта келгенде, өлең    ақын тұлғасы анық көрінген, индивид сипатындағы адам ретінде  өте сәтті шыққан философиялық салмаққа ие туынды. Ақын индивидінің жеке сана әлемі ар-ұят интуициясын біріктірген, өз ортасынан ерек шыққан, әрекеті көпшілікке арналған жан. Жұрттың басын біріктіру үшін басын бәйгеге тігеді, қиыннан шығар жолды таба алады, елді бір ғана  жырымен-ақ ұйытады.  


Құрманғалиева Раушан Рысбекқызы
Педагогика ғылымдарының магистрі

Пікірлер