Парламентке «пропускісі» бар партиялар һәм Байбектің қос кездесуі

3389
Adyrna.kz Telegram

26 шілде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады.

29 шілде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады.

Бүгін осы екі кездесудің төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз. Дәлірек айтсақ, партия лидерлерінің кездесуі һәм парламент сайлауы туралы айтамыз.

Бауыржан Қыдырғалиұлы әуелі Президенттің жеке қабылдауына кіріп шықты. Партия жұмысының ашықтығы мен жаңа жасақталған Ұлттық кеңес жұмысына Бас партияның араласуы жайы сөз болды.

Онан кейін елдегі доминант партияның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бірінші орынбасарын қабылдады. Яғни, Бауыржан Байбек президенттен шығып, парт-лидердің «приемына» барды. Онда Төраға Назарбаев партияны алдағы болатын саяси науқандарға дайындау мәселесін сөз етті.

«Партияның бұрынғыдай халыққа жақын болу жағын, бұрынғыдай халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, қолыңнан келгенше көмек беру... Сонан соң, партияның өзінің кадрларын жақсылап қарап, сараптап, қандай адамдар жұмыс істеп жатыр... Онан кейін кездесіп тағы сөйлесетін боламыз. Бізде бастауыш ұйымның басшыларының кездесуі бар, полит-советтің кездесуі бар...Өңір-өңірлерді аралап партияны алдағы, келешектегі электоралды мәселелерге дайындауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елдегі доминант партияның басшылығындағы Бауыржан Байбек мырзаның Президент пен Елбасының қабылдауына қатар кіріп шығуы елде жақын арада парламент сайлауының өтетінінен хабар берсе керек. Осы әңгіменің бір шетін Нұрсұлтан Назарбаев та шығарып айтыпты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекпен кезек-кезек кездесуі де саяси науқанның басталғанын аңғартқандай болды.

Рас, Парламент сайлауы өтетіні о бастан-ақ, белгілі болған. Парламенттің негізгі Заң шығарушы органы – Мәжіліс. Онда 107 депутат бар. Олардың өкілеттік мерзімі 5 жыл. Ал соңғы рет сайлау 2016 ылы өткен. Демек, ендігі сайлау 2021 жылы өтуі тиіс.

Дегенмен, бізде кезектен тыс өткізу дейтін саяси дәстүр бар екені тағы жасырын емес. Сол салтқа салар болсақ, Парламент сайлауы биыл, тіпті болмаса келер жылы өтіп қалуы да ықтимал. Десе де, сарапшылар біз меңзеп отырған сайлау биыл күзде өтуі мүмкін деген пікір айтыпты.

Жә, сонымен сайлау өтеді делік. Ал енді оған кімдер қатысады? Парламентке, еліміздің негізгі Заң шығарушы органына кімдер барады?

Қолданыстағы заңнамаларға сүйенсек, Парламентке тек саяси партиялар мен Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған адамдар ғана бара алады. Ал Қазақстанда қанша саяси партия бар?

Парламентке «пропускісі» бар партиялар

ОСК-ға ресми тіркелген саяси партиялар:

«Нұр Отан» партиясы,

«Бірлік» саяси партиясы,

«Ақ жол» ҚДП,

«Ауыл» ХДПП,

Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы,

«ЖСДП-Ақиқат».

Міне, бұлардың ішінде сайлау додаларында белсенді көрініп жүргендері жоғарыдағы алтауы. Осы алты партия туралы аз кем сөз шығарайық, енді.

«Нұр Отан» биліктегі доминант партия. Екі бірдей президент мүше партия. Оның төрағасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Қазіргі парламенттегі депутаттардың дені осы партияның өкілдері.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы бұрыннан белсенді партия. Мәжіліске депутат кіргізген партия. Төрағасы - Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Сайлаудың санын көрген. Бір емес, бірнеше мәрте Мәжіліске барған партия.

«Коммунистер» партиясы да Мәжілістен өз орнын алған партия. Президенттік додаға да қатысқан. 2011 жылы осы партияның өкілі, қазіргі Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков президенттікке таласқан. 2015 жылғы сайлаудағы тағы бір коммунист, қазір депутат Тұрғын Сыздықов тақ таласына түсті. Ахметбеков 1,36 пайыз дауыс жинап үшінші орын алса, Сыздықов 1,61 дауыспен екінші орын алған.

«Ауыл» партиясы де белсенді партиялар қатарында. Сайлауларда бақ сынап көрді. Парламентке кісі кіргізе алмаса да, төрағасы қазір Сенатта жүр. Иә, Әли Бектаев - Сенат депутаты. Болжам айтушылардың пікірінше, биылғы парламент сайлауында Мәжіліске барып қалу ықтималдылығы басым партияның бірі - осы «Ауыл».

«ЖСДП-Ақиқат» Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия деп саналады. Сайлауға сан рет түскен. Бірде-біреуінде жолы болмаған. Оның төрағасы белгілі журналист Ермұрат Бапи. Ол жақында ғана партия басшылығына келді. Сарапшылар, партия басшылығының ауысуы – саяси науқанға белсенді араласуға жасалған алғашқы қадам деп есептейді.

«Бірлік» партиясы да сайлау көрді. Бұрынғы «Руханият» партиясы мен «Әділет» партиясының бірлесіп құрғаны. 2013 жылдың сәуірінде ресми тіркелген. 2016 жылы Мәжіліс сайлауына түскен. Экологиялық мәселелерді көтерген. Сөйтіп, алты партияның ішінде алтыншы орын алған.

Қазақстандағы сайлау жүйесі

Ал енді Қазақстандағы сайлау жүйесі туралы, нақтылап айтсақ, оның дамуының үш кезең туралы аз кем сөз шығарайық...

1.1990 жылдары Қазақстанда мажоритарлы сайлау жүйесі болды. 1990 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінде 360 депутат болған. 1994 жылы олардың саны 177-ге дейін азайды. Олардың 64-і тәуелсіз сайланғандар болса, 42-ін Президент тағайындайтын. Ал қалғандары саяси партиялар мен түрлі ұйымдардан сайланған. Ал 1995 жылы депутаттар саны 67-ге дейін қысқарды.

  1. 1999-2007 жылдар аралығында Қазақстанда аралас сайлау жүйесі болды. 1999 жылы аралас сайлау жүйесі пайда болды. Ол бойынша 67 депутат бірмандатты окуругтерден сайланса, 10 адам партиялық жүйемен таңдалатын. 1999 жылғы сайлаудан кейін Мәжілісте ол кездегі «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының 23 депутаты болды.
  2. 2007 жылғы конституциялық реформалардан кейін Қазақстанда пропорционалды сайлау жүйесі жұмыс жасап келеді.

Түйін. Сонымен, әне-міне дегенше парламент сайлауының да сыбысы естіле бастады. Қазір демалыста жүрген депутаттар күзге қарай таратыла ма? Жаңа жасақталатын парламентке қанша партия барады? Қай партиялар барады? Тәуелсіз Қазақстанның парламентінде тағы да қызылдардың құйыршығы – коммунистер отыра ма? Сұрақ көп. Жауап? Жауап та көп күттермес...

«Адырна» ұлттық порталы

 

">

Пікірлер