ОРАМАЛ ҚАСИЕТІН БІЛЕМІЗ БЕ?

8059
Adyrna.kz Telegram
ОРАМАЛДЫ   КЕЛІНШЕКТЕР

Айгүл Жаңбыршиева небәрі 19  жасында келін болып түсті. Шаңы­рақтың табалдырығын атта­ғанда алдынан орта бойлы, етжеңді әйел  шықты. «Қадамың  құтты  бол­сын  қарағым!»  деп басына ақ орамал  салды. Кейін білді, енесі екен. Сонан бері Айгүл орамалын тастамайды. Енесі де үлкендігін көрсетіп, жаулығын шешкен емес. Аққұба келіншектің өңіне орамалы жараса  қояды. Қолаң шашымен  үйлесе кететінін қайтерсің. «Маған жараспайды»,  «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған қызығады. Қызғанады. Ал ол ора­малды насихаттаудан жалық­пайды. Мерекелерде өмірлік аксессуарды сыйлап, құрбыларының көңілін көтеріп қоятыны бар. Орамалды күнделікті тағып жүретін сондай жандардың бірі – қала тұрғыны Аяулым Тастанбек. Екі баланың анасы. Қазір орамал тағудың  хас  шебері.  Гардеробында  түрлі-түсті  ұлттық  брендтің  сан  түрі бар.

– Орамалды жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме  айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағу  дамып келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видео­лардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып,  заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай  үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден,  орамал – әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі. Қазір кимешекке ұқсатып тағуды ізденіп жүрмін, - дейді Аяулым.

 

ДӘСТҮРЛІ   ҰЛТТЫҚ   БРЕНД

Орамалды  тақпайтын нәзік жан­ды  жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында орамал­дың түр-түрі бар. Қалтаңның шама­сына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қала былай тұрсын, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер қолдан-қолға тигіз­бейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сөйтіп,  орамалды  ауыл  әйелдері  ғана тағады деген ұғым санадан  көмескілене   бастады. Себебі, қала­лық нәзік жандылар да өмірлік аксессуарға біртіндеп бет бұра бастады.  Әншімен  қатар,  қызыл­ордалық жас кәсіпкер Сая Нұрға­лиева да  орамал  бизнесін  дөңгеле­тіп  отыр.

– Алғашқыда  жұмыс  бастау  оңай болған  жоқ. Келушілерді әлеуметтік желілер  арқылы тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Алайда Қызылордада орамалға қызығушылық  аздау. Жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс Маңғыстау, Ақтау, Орал жақтан түседі. Батыс өңірінде қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі,  камзол,  көйлекті  орамалдармен үйлестіріп алады, - дейді Сая Нұрғалиева.

Сая жасаған отандық өнімнің қай-қайсысы  да  әдемі. Өзі тігеді. Өзі  гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен  көмкереді. Сауда орта­лы­ғындағы  дүңгіршегінде орамалдың  100-ге жуық түрі бар. Бағалары да тұтынушылардың қалтасына қол­жетімді. 3500 теңгеден бастап, 10-11 мың теңге шамасында да әдемі бас  жаулық  табасыз. Сапалы мата­дан  жасалған  ақ жаулық ақ самайлы әжелер  мен жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Бәлсініп тақпайтыны анық.

Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. «Орамал тонға жара­маса да, жолға жарайды»,   «Орамал  тон  бол­майды,  жол  бола­ды» - деген орамды сөз  содан қалып­тасқан.

 

ӨМІРШЕҢ   АКСЕССУАР

Қазір орамал тағудың түрлі әдісі көп. Беті толықша келген  қыздарға кез  келген  орамал  жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ қыздар шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да  жарасады.

– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспей­мін. Мұндай бұйым шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнем­дейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Тіпті өзгеден өзгеше бола­сыз. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғай­сызда­намын. Әйелдер қауымы  ортаның  ықпалымен кеткендей. Шаш бұйралап, орамалсыз жүреді. Қазір шашты жайып жүру де сән, - дейді  қала тұрғыны, стилист  Ақбаян Болатқызы.

«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың  назары  түседі», - деген сөз  бар. Шындығында  әйел адамның  жалаңбас жүруі көзге қораш көрі­неді.  Медицина  саласы да ора­малдың әйел адамға  пайдалы екенін  айтады. Мамандардың   мәлімдеуінше, нәзік  жандылар  жерден  қуат  алады. Содан болса керек, әйел­дің шашы магнит тәрізді. Ауа­дағы  шаң-тозаңды  жи­найды.

Ал ашық-ша­шық киім ағзада гормон жүйесінің  бұзы­луына әкеліп, жыныс мү­шелерін­дегі қатерлі ісік және өзге де ауру­ларға жол ашады.

Түйін. Орамал тағу  тек қазақ әйеліне тән үрдіс емес. Түркі  тілдес халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана  білген. Демек,  жаулықтан үркуге, тосыр­қауға  негіз  жоқ. Ол – өміршең. Ол – қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал  таққан  келіндеріміз  азаймасын.

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер